Accessibility links

«Назарбаевтың Беловежье орманына келмегені дұрыс болды» дейді Шушкевич


Беларусь парламентінің бұрынғы басшысы Станислав Шушкевич.
Беларусь парламентінің бұрынғы басшысы Станислав Шушкевич.

Азаттық радиосы 1991 жылғы Беловежье келісімі авторларының бірі, Беларусь парламентінің бұрынғы басшысы Станислав Шушкевичпен сұхбаттасты. Ол Совет одағы құлап жатқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың іс-әрекеті қалай болғанын айтады.


НАЗАРБАЕВ «ҚЫЗМЕТКЕ АЛДАНҒАН БОЛАР»

– Шушкевич мырза, 1991 жылдың 19-21 тамызындағы бүлік кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін қалай ұстады, сіздер оның іс-әрекетін қалай қабылдадыңыздар?

– Шынымды айтсам, 1991 жылғы 19-21 тамыз күндері Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін қалай ұстағанын білмеймін. Мен тек ақпарат құралдарынан ғана естіп-білгенмін – ал олар кесімді, біржақты емес, бір-біріне қарама-қайшы. Бірақ мен біз Беловежье орманына жиналған кезде оның қайткенін білемін. «Славян республикалары жасырын келісім жасады» деп айтпасын деп, оны шақырған едік. Ондай беделді адамның да қатысқанын жөн көрдік. Бірақ ол сол кезде «шығыстық даналық» танытып, Мәскеуге барып, «саған СССР жоғарғы кеңесінің төрағалығы қызметін беремін» деген Михаил Горбачевке жолыққан. Сондықтан да Беловежье орманына келмеді. Бұл туралы Горбачевтің өзі теле бағдарламалардың бірінде айтқан.

– Бірақ Горбачев теледидардағы сұхбаттарының бірінде Назарбаевқа жоғарғы кеңес төрағалығын емес, премьер-министр қызметін ұсынғанын айтқан еді ғой?

– Жоқ, мен көрген телебағдарламада Горбачев Назарбаевқа СССР жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметін ұсынғанын айтты. Мүмкін, әртүрлі
Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуі ("Южный Казахстан" газетіне жарияланған). 19 тамыз 1991 жыл.

оқылған шығар, бірақ қалай болғанда да әңгіме жаңарған одақтағы жоғары мансап туралы болды.

– Қазақстанда тараған болжам бойынша, сіздер Назарбаевты Беловежье орманына шақырыпсыздар, бірақ ол бармаған екен. Ол неге бармай қалды?

– Мүмкін, қызмет аламын деп алданған болар. Мүмкін, кімнің жеңерін – не Горбачевтің ол жерге КГБ мен арнайы жасақ жіберіп, ерлік танытып, өз ұстанамын қорғайтынын, не біздікі дұрыс боларын – білмеген шығар. Ол техникалық себептерді алға тартып, келе алмайтынын айтты. Ол бізге «бармаймын, барғым келмейді» дегенді айтқан жоқ. Сондықтан тағы да айтамын: оныкі даналық болды.

– Егер оның ісі даналық болса, Сіз Беловежье келісіміне қол қойғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Еш өкінбеймін. Оны мақтан тұтамын. Бұл – өмірімдегі ең үлкен мақтанышым. Бұдан үлкен мақтанышым, сірә, Беларусьтен ядролық қаруды шығару үшін қайратымды аямағаным болар. Беловежье келісіміне қол қойғанымды мақтан тұтамын.

Назарбаев мырзаның содан кейінгі «тіпті Беловежье орманына барған күннің өзінде ол келісімге ешқашан қол қоймас едім» деген мәлімдемесін еске алсақ, онда іс насырға шапқан болар еді. Үшеуміз қол қойып, ол қол қоймаса, өсек-аяң тарайтын еді. Оның келмегені бізге дұрыс болды.

– Горбачев өзіне СССР үкіметін басқаруды ұсынған соң Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауын соза түсті деп ойламайсыз ба?

– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Назарбаев Қазақстанда аса танымал адам болды. Қазақстанға Колбинді әкеліп отырғызғанда халық іс жүзінде оны республикада бірінші орынға шығарды. Сондықтан маған «Назарбаев не істеуі керек еді?» деген сұраққа жауап беру қиын. Қазақстандағы ахуалды негізі Назарбаевтың өзі бәрінен артық білген болар.

«ЖАЛҒАН РЕФЕРЕНДУМ»

– Неге СССР-ді тарату қажет деп шештіңіз? 1991 жылғы наурыздағы референдумда халық Совет одағын сақтап қалуды жақтап еді ғой.

– Ол референдум мен білетін референдумдардың ішіндегі ең жалған референдум болды. Сұрақтың өзі «Бай және бақытты болғыңыз келе ме, әлде ауру және кедей болғыңыз келе ме?» деген ауанда еді.

«Бақытты және бай болу» – жаңарған Совет одағында болатын нәрсе. Ал Совет одағын құлатсақ, онда «ауру және кедей» боламыз. Референдумға байланысты сауалды мен осылай түсінемін.

Бұл сұрақ мақұлданған кезде мен СССР халық депутаттарының съезінде едім. Жаңарған одақтан бәрі бірдей бақытты болған адамдарды тауып беріңізші. Кеше ғана халықты ГУЛАГ-қа айдағандарда қайдағы
CCCР президенті Михаил Горбачев пен Ресей президенті Борс Ельцин жоғарғы кеңес мәжілісінде. Мәскеу, 23 тамыз 1991 жыл.

қайырымдылық болады? Егер олар сол орындарында қалса, ГУЛАГ-қа айдауға үлгермей қалған халқын бақытты қылады дегенге қалай сенесіз? Бұл мүлдем қисынсыз сұрақ. Айтпақшы, оған республикалардың бәрі бірдей қатысқан жоқ. Кейбір республикаларда ол сұрақты басқаша қойды. Сондықтан ол референдум коммунистік идеологтардың соңғы амалы болды деп білемін.

– Ресей, Украина және Беларусь үшеуінің СССР-ді тарататын құқы бар ма еді? Сіздер «аға халық» деген аттарыңызды асыра пайдаланған жоқсыздар ма?

– Кешіріңіз! Ол барынша айқын ойластырылған және негізделген шешім болды. 1922 жылы СССР-ді төрт субъект – Ресей, Беларусь, Украина және Закавказье федерациясы құрған болатын. Закавказье федерациясының құқықтық мұрагері болмады, себебі ол ел мүлдем жойылып кетті, оның атынан ешкім алға шыға алмады. Беловежьеге тек Совет одағын құрған республикалар ғана жиналды, бәрінің халықаралық құжаттарға қол қоятын өкілеттері бар еді. Міне, біз қол қойдық. Бірақ ол «сонда қол қойылған құжаттардың бәрі бірден күшіне енеді» деген сөз емес еді. Ол құжаттар күшіне ену үшін парламент бекітуі керек болды. Совет одағын құрушылардың құқықтық мұрагері – үш республиканың да парламенті ол құжаттарды бірауыздан бекітті.

Тіпті батыстық саяси әдебиеттерде «екінші мыңжылдықтағы дипломатия мен легитимділік үлгісі» деген ұғым бар. Онда «екінші мыңжылдықтың соңындағы легитимді дипломатияның беткеұстары» деген тіркес кездеседі. Оны оқу маған қатты ұнайды.

– Орталық Азиядағы бұрынғы одақтас республикалар басшылары Беловежье келісімін сынады ғой. Мысалы, Сапармұрат Ниязов оны «үшеудің жиыны» деп атады.

– Ол марқұм Алматыда «ТМД-ға кірмейміз, тек оны құрушы болып табыламыз» деген келісімге қол қойған еді. Мен ол марқұмның нені немен шатастырғанын білмеймін. Айтпақшы, ол да өзге Орталық Азия республикалары сияқты қуана қосылған. Онда Закавказье мен Грузия ғана болған жоқ. Жағдай қиын еді, бірақ бәрі бірікті. Сондықтан біреу-міреу ресми өкінді деуге келмейді.

«МІНДЕТІМДІ АТҚАРДЫМ»

– СССР құлағаннан кейінгі Беларусьтің күйіне көңіліңіз тола ма?

– Беларусьте болып жатқан оқиғаларға көңілім толмайды. Онда шексіз билікті қатты жақсы көретін, білімі төмен адам демократиялық нормаларды, адам құқын аяққа таптап, конституцияны өрескел бұзып отыр. Оған құл сияқты қызмет ететін адамдар да табыла кетті. Олар сол билікті ұстап тұр. Әзірше айрылатын түрлері жоқ.

– Шушкевич мырза, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын демократиялық ел ретінде қарсы ала ма?

– Қазақстанның демократиялық мемлекет ретінде қалыптасқан-қалыптаспағанын білмеймін. Бірақ мемлекет ретінде қалыптасты. Бұған күмән жоқ. Меніңше, демократияның жағдайы тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де оңып тұрған жоқ. Беларусьте тіпті нашар. Шамасы, «демократия – мемлекетті басқару жүйелерінің ішіндегі әзірге ең жақсысы» деген түсінік халық санасында пісіп-жетілу үшін біраз уақыт керек сияқты. Бірақ, Черчилль айтқандай, ол да мінсіз емес.

– 20 жылдан соң өткен күнді сағынбайсыз ба? Совет одағының құлағанына өкінбейсіз бе?

– Мен СССР-ді көп аралап, талай жерде қызмет істеген адаммын. «СССР-дің дұшпаны едім» деп айта алмаймын. Маған Совет одағы ұнайтын, оның жақтаушысы да болдым. Бірақ оның қандай ел екенін ұққан соң... Мен оны сағынбаймын, өкінбеймін.

– Беловежье келісіміне қол қоятын кезде өзіңізді кіммін деп білдіңіз – «коммуниспін» дедіңіз бе, «ұлтшылмын» дедіңіз бе?

– Ондай ешқандай сезім болған жоқ. Тек қызметтік міндетімді атқарушы адам ретінде сезіндім. «Тарихи роль», «анау-мынау» дегенді ол кезде ойламаппын.

– Ал партиялық-комсомолдық мектептен өсіп шыққан Нұрсұлтан Назарбаев қазір өзін демократпын дейді. Мұнымен келісесіз бе?

– Жоқ, онымен мүлдем келіспеймін. Мен оны тұлға ретінде айыптағым келмейді. Бірақ ол тұнып тұрған коммунистік қайраткер ғой.

– Азаттық радиосы сұхбат бергеніңізге рахмет айтады. Сау болыңыз.

Станислав Шушкевичтің сұқбаты.
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:02 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG