Accessibility links

Триполи беріліп, Каддафидің ұлы тұтқындалды


Муаммар Каддафи (оң жақта) мен ұлы Сейф ул-Ислам.

Муаммар Каддафи (оң жақта) мен ұлы Сейф ул-Ислам.

Ливия басшысы Муаммар Каддафиді қорғайтын әскер мен ел астанасы көтерілісшілерге берілді.

Ассошейтед Пресс агенттігі бұл туралы өтпелі ұлттық кеңестің ақпарат министрі Махмуд Шаммамға сілтеме жасап хабарлады. Оның айтуынша, ел басшысын қорғайтын әскердің қолбасшысы көтерілісшілер жағына өтіп, сарбаздарына қаруларын тастау жөнінде бұйрық берген.

Көтерілісшілердің Триполиге жеткені және қала орталығындағы Жасыл алаңда өтпелі ұлттық кеңестің туы желбіреп тұрғаны хабарланды.

Бүгін Халықаралық қылмыстық сот Муаммар Каддафидің ұлы Сейф ул-Исламның ұсталғанын растады. Оған "әскери қылмыс жасады" деген айып тағылған еді.

Бұған дейін көтерілісшілер Триполидің батысына қарай 27 шақырым жердегі Каддафидің әскери базасын күйреткен еді. Көтерілісшілер ондағы 300-ден астам тұтқынды бостандыққа шығарды.

Муаммар Каддафи жексенбі күні өзінің бір тәулік ішінде жасаған екінші мәлімдемесінде елді қолға қару алып, "өз мұнайы мен жері үшін" күресуге шақырған еді.
XS
SM
MD
LG