Accessibility links

Мұнайға тәуелді қазақ экономикасының артықшылықтары мен кемшіліктері


Өзен мұнай кенішінде жұмыс істеп жатқан мұнайшы. Көрнекі сурет. Маңғыстау облысы, 2008 жылдың мамыры.

Өзен мұнай кенішінде жұмыс істеп жатқан мұнайшы. Көрнекі сурет. Маңғыстау облысы, 2008 жылдың мамыры.

Орталық Азиядағы ең ірі шикізат экспорттаушы ел ретінде Қазақстан жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мұнай секторына сүйенуден арылу керек дейді Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) тамыздың 16-сында жасаған баяндамасында.


Баяндамада мұнайдың Қазақстан экономикасы үшін ірі табыс көзі екендігі, сонымен бірге оның өз кемшіліктері де бары турасында айтылыпты. Мысалы, 2010 жылы мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 11 пайызы мұнай саласынан түскен қаржының үлесіне тиген. Ал тауарлар мен қызмет көрсету бойынша жалпы экспорттың 57 пайызын мұнай экспорты құраған. Қазақстандағы барланған мұнай қоры 40 миллиард баррельге тең. Астана әлемдегі мұнай өндірісінің екі пайызына ие болса да, басты міндет осы байлықты халыққа теңдей үлестіруде деп айтылыпты мәлімдемеде.
Мемлекет бюджетінің елу пайызға жуығы мұнай өндіру мен оны экспорттаудан толығады.

Мемлекет бюджетінің елу пайызға жуығы мұнай өндіру мен оны экспорттаудан толығады. Бірақ, қаржы жылдам түсетін мұнай секторы жұмыспен қамтамасыз етудің басты көзі емес. Себебі мұнай бағасының құбылуы түбінде үкіметтің жалпы бюджеттік шығындар туралы жоспарына қатер төндіреді.

Ұйымның мәліметтері бойынша, мұнай және одан өзге секторлардың арасындағы байланыс соңғы жылдары күшейіп келе жатқандай көрінгенімен, мұнай экспортынан түсетін пайда көлік және байланыс сияқты салаларға ғана жұмсалады. Ішкі өсімді қамтамасыз ететін өнеркәсіп, құрылыс, қозғалмайтын мүлік және өзге де қызмет көрсету сияқты бірқатар салалар мұнай секторынан тікелей пайда көрмейді.

ТҮСКЕН ПАЙДАНЫҢ КӨБІ КЕРІ ҚАЙТЫП КЕТЕДІ

Бұған қоса баяндамада мұнайдан түскен пайданың басым бөлігі түрлі шығындар арқылы кері қайтып кететіндігі айтылған. Ол шығындарға мұнай кен орындарын дамытуға қажетті қондырғыларды импорттау, шетелдік инвесторларға қайтарылған кірістер және шетелдік компаниялардан алынған несиелерді қайтару жатады. Сонымен қатар Қазақстан мұнай саласының өзіндік ерекшелігі де бірқатар қауіп-қатер туғызады. Мұнай ресурсының көп бөлігі шоғырланған Каспий теңізі жағалауының жағдайы күрделі. Геологиялық ерекшеліктер өнімді өндіруді қиындатып, оның сапасына да әсер етеді. Ал мұнай бағасының құбылуы жоспарланған инвестицияға кедергі болуы мүмкін.

Табиғи ресурстарға бай өзге елдердің тәжірибесі көлік және байланыс салаларынан тыс химия саласының салыстырмалы түрде алғанда өз артықшылықтары бар екенін көрсетеді. Осы және басқа да салалардағы жекеменшік сектордың іс-әрекетіне қолдау көрсету үшін іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту экономиканың дамуын жеделдете түседі дейді ХВҚ. Қазақстан бизнеске қолайлы жағдайлар туғызып келе жатқан ел ретінде мойындалған. Мемлекет Дүниежүзілік банктің 2011 жылы дүние жүзі бойынша «Бизнес жасау» баяндамасында он бес орынға жоғары көтеріліп, Орталық Азиядағы жылдам дамып бара жатқан елге айналған.

ТАБЫС ӨСКЕНІМЕН, ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАРЖЫ АЗ БӨЛІНЕДІ

ХВҚ-ның есебі бойынша Қазақстан бизнес ашу мен меншік құқығын тіркеу жөнінен ілгері басқан. Алайда Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу индексінде халықаралық сауда көрсеткіштері бойынша зерттеу жүргізілген елдердің ішінде Қазақстан 1 пайыздан төмен көрсеткішке ғана ие болған. ХВҚ мұның себебін елде теңізге шығатын жолдың болмауынан көреді. Қаржы секторындағы мәселелерге байланысты несиеге қолжетімділік көрсеткіші бойынша да Қазақстан үш сатыға төмендеп кеткен. Баяндамада «Жан басына шаққандағы табыс 8 мың АҚШ долларынан асса да, мемлекеттің медицина мен білім беру көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Бұл салаларға салыстырмалы түрде алғанда аз қаржы бөлінеді» деп жазылған.
Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу индексінде халықаралық сауда көрсеткіштері бойынша зерттеу жүргізілген елдердің ішінде Қазақстан 1 пайыздан төмен көрсеткішке ғана ие болған.

Баяндамада мемлекеттің бұл салаларға аз қаржы бөліп отырғаны айтылған. Дегенмен, мемлекет мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін ойдағыдай жинақтап жатқанын жазыпты аталған ұйым: «Қазақстан республикасының тұрақтылықты қамтамасыз етуші қоры - Ұлттық қорда жинақталған қаржы мұнай бағасының артуы есебінен 2009 жылы 20 миллиард АҚШ доллары болса, қазір 38,7 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр».

Қордағы бұл қаржы денсаулық сақтау, білім беру және инфраструктураға жұмсалып, әлемдік мұнай бағасының құбылуынан сақтауы тиіс екені жазылған баяндамада.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG