Accessibility links

Сауд Арабиясының «Брежневі» мен саяси жүйесі қатты сырқат


Венесуэла президенті Хуго Чавес, Иран президенті Махмуд Ахмединежад және Сауд Арабия королі Абдулла ОПЕК елдері саммитінде. Эр-Рияд, 17 қараша 2007 жыл

Венесуэла президенті Хуго Чавес, Иран президенті Махмуд Ахмединежад және Сауд Арабия королі Абдулла ОПЕК елдері саммитінде. Эр-Рияд, 17 қараша 2007 жыл

Саудиядағы корольдік отбасы мен елдегі саяси ахуал «араб көктемі» қарсы шыққан нәрселердің жиынтығы боп көрінеді дейді National Interest.


National Interest ("Нэшнл Интерест") басылымы Сауд Арабиясында билік дағдарысы жақындап келе жатқанын хабарлайды. Король мен оның мұрагері Сұлтан ханзаданың денсаулығы өте нашар, сол себепті олардың консервативтік саясат ұстанатын ағасы, Наиф бен Абдель Азиз ханзада таққа отыруға дайын.

Әл-Саудтарды есептен шығаруға асықпау керек. Олардың саяси дағдарыстан аман қалу бойынша тәжірибелері мол. Алғашқы династия 1744 жылдан 1818 жылға дейін созылды. Арабия түбегінің орталығында орналасқан корольдіктің екінші династиясы 1824-1891 жылдары Неджда құрылған. Қазіргі корольдік басындағы династия 1902 жылдан бері өмір сүріп келе жатыр.

ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕГІ ҚҰДАЛЫҚ

Корольдік 1950 және 1960 жылдардағы араб революцияларынан кейін көрші Египет, Ирак, Ливия мен Йемен сияқты құлдыраған жоқ. Саддам Хуссейн мен «ирак қатеріне» де төтеп берген Сауд Арабиясын баспасөз арабаралық азаматтық соғыстарда әбден шыныққан ел деп атады.
Баспасөз Сауд-АҚШ альянсы Американың құндылықтары мен монархияның жоспарлары арасындағы сәйкессіздіктерден аман қала ма деген сұрақтың да маңыздылығын атап өтті.
Бахрейндік шиит әйел үкіметке қарсы наразылық акциясында. Джидхафс, 15 ақпан 2011 жыл

Жақында саудтарға көрші Бахрейн дағдарысқа ұшырады. Кішкентай аралдың шиит тұрғындары билеуші сунниттер әулетін конституциялық монархияға көшуге үндеді. Шииттер мен Иранды бір деп санайтын саудтық король отбасы үшін бұл оқиға Иран басқарған абсолютизмнен төнген қауіп ретінде көрінді.

Сауд Арабиясы Бахрейнге көтерілісті жаншуға көмек ретінде мыңнан астам полиция қызметкерлерін жіберді. Саудияның баспасөзі Обаманың мамыр айындағы «араб көктемі» туралы сөзін сынады. Ал Бахрейн королі Хамадтың ұлы мен саудиялық монарх Абдулланың қызының атастырылуы екі корольдік арасындағы қарым-қатынасты нығайта түскен көрінеді.

Басылымның баяндауынша, Сауд Арабиясы айналасына Иордания, Оман және тағы басқа монархиялық елдерді шоғырландырып, оларға жәрдем етуге даяр екенін көрсетіп отыр.

ХИДЖАЗДЫҚ БРЕЖНЕВ

Негізінде, Сауд Арабиясы жиырма бірінші ғасырда ескі Брежневтің доктринасына ұқсас стратегия жариялап, көрші елдердің өзінде бірде-бір наразылыққа жол бермеуге бекінген сияқты. Ал Парсы шығанағының басқа монархтары бұны қолдайтын көрінеді. 1848 жылғы Ресей секілді, Сауд Арабиясы контрреволюцияның гарантына айналды.

National Interest басылымы саудиялықтардың сыртқы саясат стратегиясын қате санайды. Ғасырлар бойы бір-бірімен бәсекелесіп келе жатқан жеті монархиялық мемлекеттің достастығы эмоциялық емес, тактикалық сипатта екендігін айтады.
Сауд Арабиясының королі Абдулла бин Абдул Азиз. Эр-Рияд, 23 ақпан 2011 жыл

Сауд Арабиясының бақылауынан тыс жалғыз ел – Йемен. Эр-Рияд оның президентімен жақсы қарым-қатынаста емес.

Ішкі саясатында «Әл-Қаида» әлі де маңызды рөл ойнайтын корольдіктің мазаланатын жөні бар. Топтың экстремистік көзқарастары Сауд Арабияның да, оның кедей көршілерінің де халықаралық әріптестерін алаңдап отыр. Биліктегілер терроризмге қарсы шаралар қолданбаса, «Әл-Қаиданың» жандануы әбден мүмкін.

National Interest Йемендегі «Әл-Қаиданың» бас насихатшысы Анвар әл-Аулакидің «араб көктемін» «Әл-Қаиданың» жауларын жоятын «цунами» деп атағанын хабарлайды.

2003-2006 жылдары корольдік монархияға нағыз қауіп төндірген «Әл-Каиданың» өзіне қарсы күрескен еді. Ол кезде топтың жақтастары Бен Ладеннің үндеуіне елітіп, Абдулла мен оның ағаларын тақтан түсіргісі келген еді.

САУДИЯЛЫҚ ШИИЗМ МЕН ФЕМИНИЗМ ОЯНА БАСТАДЫ

Ал елдің шығысындағы шииттер болса корольдікте кемсітуге ұшырайтынына қатысты бірнеше рет наразылық білдірген еді. Шииттерге қарсы саудиялық және уаххабшыл дұшпандылық 1800 жылдардың басынан бастау алады. Недждадағы базасын ұлғайту кезінде саудтық әскерлер Ирактың киелі қалаларын тонап кеткен еді.

Абдулла бұрын шииттердің көбірек автономия алу туралы талаптарын орындауға тырысқанымен, қазіргі оқиғалар, шиеленістің әлі де күшті екендігін көрсетеді. Шииттер корольдіктің тұрақтылығына қауіп төндіретіндей көп болмағанымен, олардың терактілер жасайтындай шамасы бар.

Ал ең маңызды толқулар саудиялық әйелдер арасында болып жатыр деп есептейді National Interest. Сауд Арабиясында әйелдердің дауыс беру және көлік жүргізу құқығы жоқ. Бірнеше әйел заңға қарамастан көлік жүргізіп еді, ұсталып, қамауға алынды. Бұл мәселеге байланысты Facebook пен Twitter сайттарындағы әлеуметтік наразылық ұйымдастыруға шақыруларды билік бірден жойып отырды.
Сауд арабиялық әйелдер дүкен аралап жүр. Джидда, 23 қазан 2010 жыл

Баспасөздің айтуынша, жастардың бұған қалай жауап беретіні – өте маңызды мәселе. Корольдік халқының 80 пайызын отызға жетпегендер құраса, 47 пайызын он сегізге толмағандар құрайды. Ресми мәліметтер бойынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі - 10 пайыз. Бірақ, бұл сан 25 пайыз болуы мүмкін. Өйткені ресми түрде жұмыссыздар ретінде тек ер адамдар тіркелген. Өзі сияқты египеттік жұмыссыздан жағдайы жақсырақ болса да, саудиялық жастар да жүйенің таңдаулылар үшін ғана ашық екендігіне қапалануы мүмкін.

Корольдік көптеген талаптарды орындай алғанымен, бұл елдің саяси өзгеріске ұшырауы қиын. Абсолюттік монархтар ашықтық пен өкілдікті біреуге тапсыруды қаламайды деп жазады басылым.

Егер де Египеттік басқару тәжірибесі жемістерін берсе, Хиджаз да өз мүмкіндігін пайдаланып қалар дейді National Interest.

Шын мәнінде, жас, урбандалған, діни тұрғыдан да әркелкі Хиджаз ешқашан Сауд Арабиясы мен уаххабшыл заңдарды толығымен қабылдаған емес. Олардың көбісі Мекке мен Мәдина киелі қалаларының көріксіз пішініне сын көзбен қарап, кейбіреулері, тіпті, хашимиттердің қайтып келуін қалайды.

АҚШ-ТАН БӨЛЕК ОДАҚТАС ІЗДЕУ

Сауд Арабиясына өзгерістер тым баяу еніп жатыр. АҚШ құлдық мәселесін 1945 жылғы корольдің АҚШ президенті Рузвельтпен кездесуінен кейін-ақ көтерген еді. Ал құлдыққа Сауд Арабиясында тек 1962 жылы тыйым салынды. Наиф бен Абдель Азиз Американы дос емес, қауіп ретінде қарастырады. Сауд Арабиясы мұнай шығаратын, әрі оны өзі бағалайтын құқығы бар ірі мемлекет. Басылым америкалықтардың атынан сөйлеп, Сауд Арабиясы АҚШ-қа тек стратегиялық мақсаттарда ғана емес, құлдыраған экономикасы үшін де қажет дейді.

Обаманың саудиялықтармен байланысты нығайту әрекеттерінен еш нәрсе шықпады. Корольдік басшылығы өзінің Вашингтонды елемей қоя алмайтынын біле тұра, шығыстан балама іздестіріп бағады.

Сауд Арабиясы енді баяғыдан бергі одақтасы, көптеген жағдайларда жәрдем көрсеткен Пәкістанға қайта бұрылған сияқты.Жылдар бойы Исламабадқа ең ірі шетелдік көмек беруші Сауд Арабиясы болып келген еді.
Бахрейн шекарасын кесіп өтіп бара жатқан сауд арабиялық әскер. 14 наурыз 2011 жыл.

Бұрынғы Сауд Арабиясының Америкадағы елшісі, қазіргі ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесші Бандар бин Султан наурыз айының соңында Исламабадқа барып, аймаққа Пәкістан армиясының қайтып келуін сұраған еді. Пәкістандықтар тез арада келісіп, Бахрейндегі әскердің арасында болды. Бандар, сонымен қатар, Қытайға да барып, пайдалы келісім-шарттар ұсынып, Қытайдан да саяси қолдау тапты деп хабарлайды National Interest.

Сауд Арабиясының сыртқы саясаты әрқашан тез бейімделгіш. Мубарактың тақтан түсуі саудиялықтардың көңілінен шықпаса да, олар Каирдің жаңа үкіметімен де байланысып, оларға экономикалық жәрдем ұсынды. Абдулланың бүкіл Араб әлеміндегі «мұсылман бауырларымен» байланыс орнатуға тырысатыны сөзсіз.

«Араб көктемі» мен Таяу шығыстағы Америка саясаты жайлы сөйлеген сөзінде Обама Сауд Арабиясының маңыздылығын жанама түрде атап өтті. Шындығын айтқанда, Америка әлі күнге дейін корольдіктің ең ірі қолдаушысы. АҚШ Сауд Арабиясына нассершілер, баасшылар, Иран мен «Әл-Каидаға» қарсы күрес жүргізуі үшін ондаған миллиард доллар қаржы көмек берген еді. Басылым америкалық әскери және барлау мекемелері Сауд Арабияға бұлайша көмектесе берсе, онда контрреволюцияның да қолдаушысы саналатынын атап өтеді.

Басылымның жазуынша, АҚШ Таяу Шығыстағы революцияны қолдап, сонымен бірге контрреволюционерлермен одақты сақтағысы келеді. Ал саудиялық контрреволюция қырғынға ұласса, АҚШ пен Сауд Арабия альянсының күйреуі әбден ықтимал.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG