Accessibility links

Ливия көтерілісшілері Бани-Валид қаласына кіруге әзірленіп жатыр


Ливия көтерілісшілері Каддафи жақтастарының бақылауындағы Бани-Валид қаласының маңында. 5 қыркүйек 2011ж.

Ливия көтерілісшілері Каддафи жақтастарының бақылауындағы Бани-Валид қаласының маңында. 5 қыркүйек 2011ж.

Ливияда Муаммар Каддафи жақтастарының бақылауындағы Бани-Валид қаласына қантөгіссіз кіру туралы жергілікті ақсақалдармен келіссөз өткізген көтерілісшілер қалаға бүгін кіруге дайындалып жатыр. Бұл туралы хабарлаған "әл-Жазира" телеарнасы бұндай ақпаратты Ливияда билік басына келген Ұлттық өтпелі кеңестегі адамдардан алғанын айтады.

Көтерілісшілер Триполиден 140 шақырым жатқан Бани-Валид қаласының төңірегіне бекініс құрып жатыр. Бұл аймақ елдің бұрынғы жетекшісі Муаммар Каддафиді қолдайтын варфалла тайпасының мекені. Қаланы бейбіт жолмен беру туралы осы кезге дейін тайпа ақсақалдарымен көтерілісшілердің жүргізген келісімі нәтижесіз болған еді.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, Каддафиді қолдаушы күштердің едәуір әскери техникасы Нигердің солтүстігіндегі Агадез қаласына барған.

Ал 69 жастағы Муаммар Каддафидің өзі қайда екендігі нақты белгісіз. Оның өкілі Мұса Ибрагим "Каддафидің көңіл-күйі жақсы, ол ұлдарымен бірге елдің қорғанысын ұйымдастырумен айналысып жатыр" деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG