Accessibility links

Палестиналықтар Обаманың мәлімдемесіне наразылық танытты


Палестиналықтардың мемлекет мәртебесі науқанын қолдау шеруі. Рамалла, 21 қыркүйек 2011 жыл.

Палестиналықтардың мемлекет мәртебесі науқанын қолдау шеруі. Рамалла, 21 қыркүйек 2011 жыл.

Мыңға жуық палестиналық азамат бүгін Батыс жағалаудағы Рамалла қаласында жиналып, АҚШ президенті Барак Обаманың БҰҰ-да жасаған мәлімдемесіне наразылық танытты.

Сонымен қатар Обаманың мәлімдемесіне жауап ретінде Палестина жұмысшылары одағы мұсылмандардың жұма намазынан кейін бүкіл Араб әлеміндегі АҚШ елшіліктері сыртында наразылық шарасын өткізуге шақыратынын хабарлады.

АҚШ президенті Барак Обама сәрсенбі күні БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде, Палестина басшылығын елдің тәуелсіздігіне қатысты мәселені Израильмен келіссөздер арқылы шешуге көндіруге тағы бір талпыныс жасады.

Палестина мемлекетін құруға қатысты мәселе Израильмен келіссөздер арқылы шешілгені жөн деді Барак Обама.

«Ақыр аяғында, біз емес израильдіктер мен палестиналықтар өзара бөлісетін мәселелер туралы, яғни шекара, қауіпсіздік, босқындар және Иерусалим мәселесі бойынша келісімге келуі тиіс», - деді Обама.

Бұған дейін Ақ үй әкімшілігі палестиналықтарды БҰҰ-ға мүше болуға ұмтылыстарынан бас тартуға шақырып, АҚШ бұл мәселе бойынша БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарарына вето қоятынын ескерткен еді.

Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас мемлекет мәртебесі туралы өтінішін ресми түрде жұма күні БҰҰ Бас ассамблеясында жарияламақшы.

Кеше БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайды деп мәлімдеді.

Оған дейін Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов палестиналықтардың бұл ұмтылысын Ресейдің қолдайтындығын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG