Accessibility links

Беларусь билігі тәуелсіз журналисті елден шығармай отыр


Беларусь милициясы журналист Анджей Почобутты (ортада) сот залына апара жатыр. Гродно, 28 маусым 2011 жыл.
Беларусь милициясы журналист Анджей Почобутты (ортада) сот залына апара жатыр. Гродно, 28 маусым 2011 жыл.
Польшаның «Газеты Выборчей» басылымының тілшісі Анджей Почобут өзін Беларусь үкіметі елден шығармай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы интернеттегі блогында жазған журналист жақында Гомель қаласының жазаны атқару жөніндегі инспекциясына шақырылғанын, ондағылар Почобутқа елден шығуға тыйым салынғанын айтқанын баяндаған.

«Елден шығуыма тыйым салынатыны туралы маған шығарылған сот үкімінде де, Беларусьтің қылмыстық кодексінде де жазылмаған», - деп жазады журналист.

Анджей Почобут әр апта сайын милицияға барып белгіленетінін, олардың рұқсатынсыз тұрғылықты мекен-жайын да өзгерте алмайтындығын айтады. Журналистке бұл талаптарды орындамаса дереу түрмеге қамалатыны ескертілген.

Беларусь соты биыл шілде айында Почобутты "Беларусь президенті Александр Лукашенкоға жала жапты" деп айыптап, үш жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарып, жаза өтеу мерзімін екі жылға кейінге қалдырған еді.

Өткен аптада жоғары сатыдағы сот журналистің өзіне қатысты үкімге байланысты жазған кассациялық шағымын қанағатандырмай тастады.

Ұлты поляк Анджей Почобут - Беларусь поляктары одағының бас кеңесінің төрағасы. Бұл ұйымды Беларусь билігі мойындамайды.
XS
SM
MD
LG