Accessibility links

АҚШ Косованың солтүстігіндегі қақтығыстарды айыптады


НАТО сарбаздары күзетіп тұрған Сербия мен Косово арасындағы Ярине шекара бекеті. Суреттің сол жағында - Сербия туы. 28 қыркүйек 2011 ж.

НАТО сарбаздары күзетіп тұрған Сербия мен Косово арасындағы Ярине шекара бекеті. Суреттің сол жағында - Сербия туы. 28 қыркүйек 2011 ж.

АҚШ үкіметі Косованың солтүстігінде сейсенбіде болған қақтығысты айыптады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми мәлімдемесінде қақтығыс салдарынан НАТО-ның тоғыз әскери қызметкері зардап шеккені айтылған. Бұған дейін ол жанжалда төрт әскери адамның жарақат алғаны туралы хабарланған еді.

АҚШ Косова мен Сербия үкіметтерін келіссөздерден қол үзбеуге және аймақта тыныштық сақтауға шақырған. Бұл келіссөздерге Еуропа одағы қолдау танытып отыр. Кеше сербтер тарапы ықылас танытпаған соң, Косова мен Сербия арасындағы келіссөздердің жетінші кезеңі өтпей қалды.

Қыркүйектің 27-і күні Косованың Сербиямен шекарасындағы Ярине бақылау-өткізу бекеті маңына жиналған косовалық сербтер шекаралық аймақта өздері тұрғызған баррикадаларды алып тастауға наразылық білдіріп, сонда тұрған НАТО-ның халықаралық бейбітшілік күштеріне тап берген. Бейбітшілік күштері шабуылдағандарға қарсы көзден жас ағызатын газ және резеңке оқ атқан.

Қақтығыс салдарынан косовалық сербтерден жеті адам зардап шеккен.
XS
SM
MD
LG