Accessibility links

Жаңаөзен мұнайшылары Құлыбаевтың кешірім сұрауын талап етеді


Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев. Астана, 7 қыркүйек 2011 жыл.
Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев. Астана, 7 қыркүйек 2011 жыл.

Жаңаөзендік ереуілші мұнайшылар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевты құжаттарын көріп кетуге шақырып отыр.


Қыркүйектің 29-ы күні «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев қор жанындағы Expert пікірталас клубының алғашқы отырысында «Жаңаөзендегі ереуілшілер – Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар» деп санайтындығын айтқан еді.

– Жалпы қаланың әлеуметтік құрылымы көп адамды қабылдай алмайды. Сондықтан Жаңаөзенге беттеген көші-қонды баяғыда тыю керек еді, – деген еді Тимур Құлыбаев.

«ҚҰЛЫБАЕВҚА ҚҰЖАТЫМЫЗДЫ КӨРСЕТУГЕ ӘЗІРМІЗ»

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жүргізушісі Атшыбай Сүренбаев Тимур Құлыбаев сөз қылған «оралмандардың» тарихи отандарында тұрып жатқандарына жарты ғасырдан асқан қазақтар екенін, басым көбі
«Өзенмұнайгаз» компаниясының ереуілші мұнайшылары қала алаңында. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

1960-жылдардың басында Маңғыстау аймағын игеру басталғанда келген қазақтардың ұрпақтары екенін айтады.

– Алаңда ереуілде тұрғандар – Жаңаөзенде 50 жылдан бері тұратын тұрғындар. Олардың дені кезінде түрлі саяси жағдайлар салдарынан туған жерінен шеттеп кеткендердің балалары, немерелері. Менің өзімнің мұнда келгеніме 40 жылдың үсті болды. Ереуілдеп тұрғандардың бірсыпырасы жасы 60-ты алқымдағандар. Тимур Құлыбаев келсін арамызға. Біз оған құжатымыз бен еңбек өтілімізді көрсетуге дайынбыз. Бізді қаңғып келгендер санатына қосып, арымызға тиіп отыр. Оның кешірім сұрауын талап етеміз. Құс та ұшып келмей ме туған жеріне, – дейді Атшыбай Сүренбаев.

Құлыбаевтың пікірінше, «аймаққа ат басын тіреп жатқан отандық және шетелдік саясаткерлердің ереуілге ықпалы жоқ, мұнайшылардың экономикалық сипаттағы талаптары бар».

– Олар көтеріліске шықса бірігіп, өз талаптарын сауатты түрде қоя біледі. Олар арақ ішпейді, темекі шекпейді, төңірегін ластамайды. Олар басқа бір саяси партияларға (мейлі жергілікті болсын, мейлі ағылшын болсын) бағынбайды, тек өздерінің лидерлеріне ғана құлақ асады, – деп мәлімдеген еді Тимур Құлыбаев

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы Expert пікірталас клубының отырысына қатысқан «Азат» жалпыұлттық социал-
Азат» ЖСДП төралқасының мүшесі Маржан Аспандиярова. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.

демократиялық партиясы төралқасының мүшесі Маржан Аспандиярова «Жаңаөзен мұнайшыларының ереуіліне дем берген – оралмандар» деген сөзбен келіспегенін айтады.

Оның пікірінше, «президент Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға оралған оралмандардың құқығын аяқ асты еткен басшыларды өзгерту керек».

– Жаңаөзенде сырттан келген қандастарымыз көп болса, бұл – еліміздегі миграциялық саясаттың қателігі, – дейді Маржан Аспандиярова.

«ЖАЛҒАН АҚПАРАТТЫ ТОҚТАТУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ»

Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылар өздері жайлы бұрмаланған ақпарат таратылып жатқанына наразы. Олардың айтуынша, үкіметтік баспасөз құралдары ереуілдің нақты көрінісін бүркемелеп отыр.

Азаттық тілшісіне қоңырау шалған ереуілші Оразбай Тұрсынбай бірқатар республикалық телеарналардан жалған ақпарат көргенін айтады.

– Үкіметтік сипаттағы каналдар Жаңаөзен әкімі Орақ Сарбөпеевтің «ереуіл тоқтап, алаңда 40-50 шақты адам ғана қалды, жұмыстан босағандарды
Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылардың Twitter жазбалары. 24 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

мердігерлік компанияларға орналастырып жатырмыз» деген мәліметін таратты. Осылайша бізді қолдамақ түгіл, ақпараттық кедергі жасалып отыр, – дейді ереуілші мұнайшы.

Оның айтуынша алаңға күн сайын жұмыстан босаған 1200 адам кезектесіп шығады. «Күндіз олардың саны 500-ден артса, түнде 200-300 адам жиналады» дейді жұмысшы.

Мұнайшылар наразылығын үдеткен тағы бір мәселе – жалақы деңгейінің де үстемелеп көрсетілуі.

– «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» директоры Асқар Балжанов жүргізушілер 400 мыңның үстінде жалақы алатынын айтқан. «Ал электриктер 260 мың алады» деген. Мен электрикпін, бірақ жалақым ешуақытта 200 мың теңгеге жеткен емес, – дейді Оразбай Тұрсынбай.

Оның айтуынша, «алаңға жиналғандардың көңіл-күйі қазір неге де болса дайын, Шайтан шақырса да, ілесе жөнелуге әзір».

– Конституциямызда жазылған «мемлекеттің басты байлығы – адам» деген бос әңгіме екенін түсіндік, – дейді ереуілші Оразбай Тұрсынбай.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарбөпеевке телефон шалған еді. Алайда хатшысы әкімнің Ақтауға жиналысқа кеткенін айтты. Өкінішке қарай, әкімнің тікелей телефоны да, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының телефоны да үн қатпады. Ереуілге дейін жұмыс істеп тұрған абоненттің «аппараты станцияға қосылмаған» екен.
XS
SM
MD
LG