Accessibility links

Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болуы керек пе?!


Ресейлік карикатурашы Михаил Златковскийдің суреті. 11 желтоқсан 2009 жыл.

Ресейлік карикатурашы Михаил Златковскийдің суреті. 11 желтоқсан 2009 жыл.


Осы сөзді естігенде көңіл аудармаушы едім. Шынымен де бұл сөздің жаны бар секілді. Себебі қазір тамыр-таныстықпен, «әке-көкемен» ғана жұмысқа орналаса аласың. Ал «мықты» ағам немесе апам болмаса, жайлы да жақсы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасу көзден бұл-бұл ұшқан арман сынды.

Біздің қаламызда 2007 жылы ғана ашылған керемет мектеп бар. Енді айтарға сөзім жоқ – бассейні бар, жағдайдың бәрі жасалған. Тек онда сондағы директордың ағасының баласы, апасының қызы, құдасының немересі (қазақтарда негізі жетпіс жездесі, алпыс апасы бар ғой) – солардың бәрінің балаларын, өзінің туыстарын жұмысқа алатын көрінеді. Ал қызметке орналасу үшін келген жастарды «орын жоқ» немесе «сағат жоқ» деп өзектен тебетін көрінеді.

Ол мектепте менің ағам да жұмыс істейді. Өткен жылдың тамызында орналасқан болатын. Әрине, біздің онда ешқандай танысымыз да, туысымыз да жоқ. Бір жылдан бері өзімнің туған ағам 24-25 мың теңге көлемінде жалақы алып отырды. «Жарайды» дедік. «Келер жылы өсіретін болар» сеніммен. Бірақ бір жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған ағам осы жылы да сондай жалақымен қалыпты. Ешқандай сабақ бермеген «сағат жоқ» деп. Ал ол өзі «әлеуметтік педагог» деген қызметте. Таңертеңнен кешке дейін гороно мен мектептің арасында жүрумен болады. Толған қағаз, бітпейтін отчет. Және бір қызығы сол отчетті тапсыру үшін оның ақшасы кетеді. Яғни орта есеппен жарты жалақысы жол-пұлмен кетеді. Жарайды, ол қазір үйленбеген, әке-шешесімен тұрады. Бірақ басқа да жас мамандардың барлығы қамқоршыларымен – әке-шешелерімен тұрмайды ғой. Олар сонда қалай күн көруі керек мына 24 мың теңгемен? Айтыңыздаршы! Ол пәтерақысын төлемей ме, киінбей ме, тамақ жемей ме? Осыны мектеп баcшылығы неге ойламайды екен…

Қазір ағам мектептен көңілі әбден қалып, басқа жұмыс іздестіріп жатыр. «Мына жалақымен және мынандай қарым-қатынаста жұмыс істегім келмейді» деп ызаланады. «Жарар, бірдеңе қарастырармыз» деп тыныштандырып қойдық. Жаңағы мектеп басшысының туыстарының балалары адам екен де, өзге біреулер адам емес екен – 24 мың төлеп, күні-түні аттай жегуге болатын. Міне, бар мысал осы.

Қазіргі заманның талабы сол болар. Тамыр-таныспен өсіп, қызметтік сатыда жоғарылауға болатынынан айтам да. Қазір шынымен «көз қыстының» нақ заманы. Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болуы керек. Әйтпесе, қанша жерден дарынды болсаң да, көргісі келмейтін басшы ол қасиеттерді өлдім мойындамайды. Бірақ талай жыл еңбек етіп, өзінің ар-абыройын мойындатқан кісілер де баршылық. Бірақ ілуде біреу. Қазір бәрі сатулы – дипломды да, қызметті де қомақты қаражатың болса болды, сатып ала аласың. Кейін бір жердің бастығы болып отыра қаласың...

Әттең, ешқандай көкесі мен апасы жоқ біздер қайтпекпіз?! Біздерді кім көтермелейді? Әлде басшы болу тек басшылардың туыстарының маңдайына жазылған ба?!

Ал сіз не айтасыз, құрметті оқырман? Сіз де жұмысқа таныстықпен орналастыңыз ба?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG