Accessibility links

Журналист Анна Политковскаяны еске алып жатыр


Ер адам журналист Анна Политковскаяның суреті алдына гүл шоқтарын қойып жатыр. Мәскеу, 7 қазан 2009 ж.
Ер адам журналист Анна Политковскаяның суреті алдына гүл шоқтарын қойып жатыр. Мәскеу, 7 қазан 2009 ж.
Бүгін Ресейде жұртшылық осыдан бес жыл бұрын қастандықпен өлтірілген журналист Анна Политковскаяны еске алып жатыр. Мәскеуде, Санкт-Петербургте және шетелде марқұмды еске алуға арналған шаралар өтеді.

Әріптестері Facebook әлеуметтік желісінде Политковскаяға арнап арнайы парақ ашпақшы. Журналист еңбек еткен ресейлік "Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов Мәскеудегі Потапов көшесіндегі редакция отырған үйдің қабырғасына журналисті еске алуға арналған тақтайша ілінетіндігін хабарлады.

Бүгін Ресей тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин журналистің қазасына қатысты қамауда отырған күдіктілерге жаңадан айыптар тағылатындығын хабарлады.

Ресейлік журналист Анна Политковская 2006 жылы қазанның 7-сі күні Мәскеудегі үйінің жанында атып өлтірілген болатын. Көпшілік журналистің қазасына оның кәсіби қызметі себеп болған деген болжамды негізге алады.

Қазір бұл іс бойынша журналисті атып өлтірген деген күдікпен Рустам Махмудов, сондай-ақ осы іске қатысы бар деген күдікпен полицияның бұрынғы офицері Дмитрий Павлюченков қамауда отыр. Бірақ Политковскаяны өлтіруге тапсырыс бергендер әлі анықталмай отыр.

Журналист қазасының бес жылдығына орай "Амнести интернешнл" ұйымының жариялаған мәлімдемесінде, Анна Полтиковскаяның өлімінен кейін де Ресейде журналистер мен құқық қорғаушыларды қорғау үшін ешқандай іс-әрекет жасалмағандығы айтылған.
XS
SM
MD
LG