Accessibility links

Грузин алпауыты Грузиядағы билікті алмастыру үшін партия құрмақшы


Грузин миллиардері Бидзина Иванишвили.
Грузин миллиардері Бидзина Иванишвили.
Грузин миллиардері Бидзина (Борис) Иванишвили Грузиядағы билікті алмастыру үшін саяси партия құратындығы туралы мәлімдеді. Грузиялық бұқаралық ақпарат құралдарында бүгін жарияланған мәлімдемеде Грузия президенті Михаил Саакашвилидің атына қатты сын айтылған.

Президентті елде авторитарлық билік орнатып, сөз еркіндігін тұншықтырып отыр деп айыптаған Иванишвили, Михаил Саакашвили 2013 жылы президенттік өкілеті аяқталған соң премьер-министр мансабында билік басында қалуды көксейді дейді.

Миллиардер енді саяси партия құрып, 2012 жылы өтетін парламент сайлауында жеңіске жету және Грузия премьер-министрі немесе парламент төрағасы болу ниеті барын мәлімдеген. Егер билік басына келсе Ресеймен қатынасты жақсартып, кімнің де болса билікті жеке дара иемендіп алуына тосқауыл қоятын конституциялық өзгертулер жасауға уәде етіп отыр.

Осы мақсатқа жету үшін Иванишвили күшті медиа-холдинг қалыптастырмақшы. Ол елдегі тәуелсіз телекомпанияларды нарықтық құнынан үш есе қымбатқа сатып алып, сайлау науқаны аяқталған соң оларды бұрынғы иелеріне бар болғаны 1 лариге қайта сататынын айтқан. Бұған қоса миллиардер Ресейдегі өзінің барлық активтерін сатып, қос азаматтығының бірі - Ресей азаматтығынан бас тартуға уәде еткен.

"Форбс" журналының биылғы дерегі бойынша, бизнесмен Бидзина Иванишвилидің дәулеті 5,5 миллиард долларға бағаланған.
XS
SM
MD
LG