Accessibility links

«Тони Блэрдің пайдасынан зияны көп!»


Бұрынғы Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр Ирактағы соғыс туралы айтып тұр. Лондон, 21 қаңтар 2011 жыл
Бұрынғы Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр Ирактағы соғыс туралы айтып тұр. Лондон, 21 қаңтар 2011 жыл

Палестина премьер-министрі Махмуд Аббас Тони Блэр Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бойынша арнайы елші қызметінен кетуі керек деп мәлімдеді. The Daily Telegraph басылымының жазуынша, палестиналықтар оны келіссөздерде Израильге қарай бұра тартты деп санайды.


Басылым қазанның 6-сы күні жариялаған мақаласында «Махмуд Аббастың сенімді өкілі, әрі жоғары шенді шенеунік Мохаммед Штайех Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бойынша төрттікті Тони Блэрдің төрағалық қызметін қайта қарауға шақырды. Оған Тони Блэрдің Израильге қарай бүйрек бұрғаны себеп болса керек» деп жазады.

«БЛЭРДІҢ БІР БҮЙРЕГІ ИЗРАИЛЬГЕ БҰРЫП ТҰРАДЫ»

«Біз оның жұмысына «пайдасынан зияны көп болды» деген баға береміз» деді Штайех палестиналық радиода сөйлеген сөзінде. «Ол Израиль жағына қарай бұра тартты және өзіне деген сенімді жоғалтты. Біз төрт тарап бұл адамның осы міндетке тағайындалуын қайта қарайды деген үміттеміз» деген ол.

Тони Блэрдің бұл қызметтен кетуін талап ету оның палестиналықтармен қарым-қатынасының әлі де төмен деңгейде екендігін көрсетеді. Палестиналықтардың алғашқы айларда бұрынғы премьерге қатысты алып-ұшқан көңілдері біртіндеп жек көрушілікке ұласып кетті.

The Daily Telegraph басылымы өткен аптада палестиналық шенеуніктер Тони Блэрмен барлық байланыстарын үзіп, оны Палестина үшін «персона нон грата» деп жариялау ниеттері бар екендігін жариялады. Палестиналық саясаткерлер Тони Блэрді өздерінің дербес мемлекеттілігін алу жолындағы күресті тоқтату үшін Израильмен белсенді түрде жұмыс істеп жатыр деп айыптаған.

Мохаммед Штайехтің пікірі - Тони Блэрді аталмыш қызметінен алып тастауға шақырған бірінші әрекет. Палестиналық шенеуніктер өздерінің Тони Блэрдің қызметінен кетуін «әзірше» ресми түрде қарастырмағандарын айтты.

ЕЛШІНІҢ ҚАБІЛЕТІ

Тағы бір жоғары шенді шенеунік Набиль Шааттың «қазір Блэрдің қажеті шамалы болып тұр» дегеніне қарамастан, Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббастың баспасөз хатшысы палестиналықтар бұрынғы премьермен ынтымақтастығын жалғастыра береді деп мәлімдеді.
Daily Telegraph-тың айтуынша, Тони Блэр өз атына айтылған «ол төрттіктегі өз қызметін мүдделердің қақтығысын тудыратын жеке мақсаттары үшін пайдаланады» деген сөзді жоққа шығаруға ендігі кірісіп кетті.

Оның мұндай ыңғайсыз жағдайға түсіп қалғанын консервативтік партия пайдаланып, партия өкілі, қорғаныс министрі Лиам Фокс оның бейбітшілік елшісі ретіндегі қызметіне күмән келтірді. «Оның премьер-министр болған кезінде атқарған қызметтерін ескере келе мен Тони Блэрдің қабілеті оны халықаралық деңгейдегі бірегей мемлекеттік қайраткер дәрежесіне жеткізеді деп айта алмаймын» деді Лиам Фокс консервативтік партияның жиынында.

Алайда, Тони Блэрдің кеңсесі оның Палестина басшылығымен қарым-қатынасы бұрынғыдай екенін және олармен телефон арқылы хабарласып отырғанын айтқан.
XS
SM
MD
LG