Accessibility links

«Өрмекшінің» торы


Аурухана көрінісі. (Көрнекі сурет)
Аурухана көрінісі. (Көрнекі сурет)

«Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» дегендей, қайда барсақ та «қазақтардың техникаға бейімі жоқ, қолынан түк келмейді!» деген сөзді естіп қаламыз.

Осы жағдай туралы «елі үшін еңіреп жүр» деген жоғары оқу орындарында сабақ беретін атағы Алатаудай ағаларыммен сөйлескенімде. «расында, қазақтар техника саласында дұрыс оқымайды, ізденбейді, қазақ тілінде техникалық материалдар тапшы» деп. кінәні «оқымайтын» жастарға жаба салды.

ҚҰР ДИПЛОМ

Қазақстанда техникалық мамандықты дамыту үшін ашылған жаңа мамандық саналатын «приборостроение» мамандығын бітірген бірнеше студенттен «прибор деген не?» деп сұрасам, жауап бере алмай қарап тұр. Төрт жыл сол мамандықты оқығанда сол сұраққа жауап ала алмаған. «Қазақстанға техникалық мамандық өте қажет!» деген ұранмен аты бар, заты жоқ, тіпті өмірде соны оқыған студенттер түгіл, оқытқан мұғалімдер білмейтін мамандықтарға грантті төпелеп бере бергенмен, қазақтың техникалық салада қамал алып жатқаны шамалы. Грантты төпелеп берген үкімет «ертең сол техника жане технология саласын бітірген жастарға мамандығына сай сұраныс, жұмыс орны бар ма» дегенді ойламағандықтан, талай жас құр диплом алып сандалып жүр.

Жарайды, таусылып қайтеміз, қалай десек те, жоғары оқу орындарынан техникалық мамандықты оқып тауысқан студент жұмыс тауып істеу барысында өз білімін жетілдіріп, мамандығын ұштайды деп ойласақ, сервис орталықтарын монополиялап отырған қожайындар жас мамандардың жұмыс істей жүріп біліктілігін арттыруына бөгет жасайды екен. Бұған мен өзім айналысатын медтехника саласын мысалға келтірейін.

МӘСКЕУЛІК МАМАН

Қазақстан деп аталатын осы үлкен елде шетелден сатып алатын, өте қымбат тұратын аппараттар бұзылса, не жұмыс істемей қалса, үнемі «Мәскеуден инженер шақырдық, келмей жатыр» деген сөзді жиі естимін. Баяғы бір кездегі «Мәскеу бәрін шешеді» деген тіркес те, жағдай да әлі өзгермегендей. Ал ол «мәскеулік маман» қайбір уағында келеді дейсің, кешігіп келгенімен қоймай, жолы бар, жатын орны бар дегендей, соңында әлгі аппаратты жасату өте қымбатқа түседі.

Осы жағдайды көре отырып, ести отырып, «Неге өзіміз оқып, өзіміз істемеске?!» деп, өзім жақсы қызығатын, Қазақстанда өте көп қолданылатын медициналық аппарат шығаратын немістің бір үлкен өндіріс фирмасына хат жаздым:

«Құрметті XXX компаниясы! Мен Қазақстанда тұрамын, медициналық аппараттардың инженерімін. Сіздердің өнімдеріңізге қатты қызығамын, сіздердің аппараттармен жұмыс істеу маған өте ұнайды. Мен сіздердің оқу орталықтарыңызға барып, аппараттарыңызға сервис жасау және қолдануды үйренгім келеді. Өтінерім – маған сіздерде оқу-жаттығудан өту үшін, шақырту беріп жіберулеріңізді сұраймын. Егер қандай да грант болмаған жағдайда оқу ақысын менің жұмыс орным төлесе де болады».

Араға бірнеше күн салып жауап хат келді:

«Құрметті С. мырза! Хатыңды алдық. Біздің өнімге қызыққаныңа рахмет. Әрине, сенің бізде оқуыңа болады. Біз өз өнімімізді тұтынатын елдер өкілдерін әр жыл сайын жылына бірнеше рет тегін оқу курстарына шақырып тұрамыз. Көптеген мамандар біздің компанияның оқу орталығында біліктілігін арттырып, өз елдерінде жұмыс істеп жатыр. Бізде оқығыңыз келсе, сіздің елдегі біздің уәкіл компания арқылы тізімделіп, оқу-үйрену курсына қатыса аласыз. Біздің негізгі уәкіл компаниямыз Мәскеуде жұмыс істейді. Біз негізінен негізгі уәкіл компания арқылы мамандарды оқыта аламыз. Сізге сәттілік тілейміз!».

Хаттың байыбына барсам, XXX компаниясынан алатын аппараттар бізге тағы да Мәскеу арқылы келеді екен – аппаратты біз сатып аламыз да, біздің алған аппарат есебінен мәскеулік мамандар өндіруші фирмалардың грантымен тегін оқиды екен. Ал біздегі уәкіл компаниялар сол Мәскеудің филиалдары ретінде жұмыс істейді екен.

Осы кезде есіме Жапониядағы медициналық жабдықтар өндіретін фирманың халықаралық сату бөлімі менеджерімен болған әңгіме түсті.

– Бізде жапон медициналық жабдықтарын өте көп қолданамыз, бірақ Жапония еліндегі өндіріс фирмаларымен тікелей қарым-қатынас жасап отырған бірде-бір қазақстандық уәкіл компания жоқ. Сіздер неге сонау Еуропа, Ресей арқылы емес, Қытай жолы арқылы тікелей байланыс орнатпайсыздар? Егер солай болғанда, Қазақстанда сұраныс аз деген күнде де тек Қазақстан ғана емес, Орта Азияға өнімдеріңізді еркін сатып қана қоймай, дұрыс сервис қызметін де жолға қояр едіңіздер. Бұл әр екі жаққа да экономикалық жақтан да біздегі жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға да тиімді болмай ма? – деген сұрағыма жапон менеджері қорғалап барып жауап берді.

– Рас, ол айтқаның дұрыс, біз оны ойлағамыз. Алайда Орта Азияда, Қазақстанда сенімді, ұзақ уақытқа уәкіл болатындай компания жоқ, Қазақстандағы тендер қуған фирмалар крышасының артынан еріп, жем іздеп жүреді. Көкесі бүгін медицина саласында болса - медициналық жабдықтарды, көкесі ауыл шаруашылығы саласына кетсе - ауыл шаруашылығы техникасын саудалайды. Сондықтан біз сенімді, тұрақты жұмыс істейтін Батыс, Қытай, Ресей компанияларымен әріптес боламыз, – деп жауап берді.

Немістерден жауап хат келгеннің ертесінде XXX компаниясының Қазақстандағы уәкіл компаниясының қызметкері маған телефон шалды:

– Құрметті С. мырза, сіз біздің компанияда жұмыс істемегеніңізге байланысты өз ақшаңызбен де Германияға барып, XXX фирмасынан оқып, біліктілік арттыра алмайсыз. Ол жаққа тек біліктілік арттыруға біздің фирмада жұмыс істейтін инженерлер ғана бара алады.

Тек бұл ғана емес, бірнеше фирмадан солай жауап алдым. Олар немістердің компаниясымен келісімге отырып, осы фирманың аппараттарын сатуды, қоюды, сервис жасауды монополиялап алған. Монополия болғасын, бәсекелестік болмағасын, медициналық мекемелермен сол аппараттарға сервис қызмет көрсету үшін ойына келген бағасын қояды. Қажетті запчастарға, ремонт жасауға бірнеше есе баға қояды. Жоспарлы және алдын-алу сервистік қызметі толық жасалмайды, көбінесе келісімшарт жасап, ақша алуға көбірек мән береді. Бұған келіспесең де – келіссесің, басқа таңдау жоқ. Ол медициналық мекемелер өз инженерлерін оқытып, өздері сатып алған аппараттарға өздері сервис жасай алмайды да, үнемі үлкен экономикалық шығынға ұшырап тырады.

«Я ВСЕ ЗНАЮ!»

Ал жаңағы уәкіл компаниялар медициналық жабдықтарды сату мен сервис жасауды монополиялап қана қоймай, жергілікті инженерлердің сол өндіріс фирмаларына барып білімін өсіріп, біліктілігін жетілдіруіне кедергі жасайды. Ал өздеріндегі кереметтей білімі болмаса да, «аңқау елге арамыза молла» болып, инженер атанып, ананы-мынаны шұқып-ақ жоғары айлық алып алшаңдап жүргендер жетерлік. Өздері бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай айтатыны – «Я все знаю!». Мен кездестірген ұлттардың ішінде «Мен бәрін білемін!» деп, білсе де, білмесе де есе бермей, өзін ғана көтермелейтін халықты кездестіріп көргенім осы.

Мақаланы оқып отырып, кейбіреулер «мынау – тек енді қалыптасып келе жатқан медтехника саласы, ал басқа техника саласында қазақтар толып жүр» дейтін болар. Бірақ басқа салада да қазаққа даңғыл жол ашылып тұрған жоқ. «Мамандардың біліктілігін жетілдіріп жатырмыз!» деген ұран үшін шетелдік компаниялар бір-екі аптаға «семинар» деп ат қойып шетелге шығарады. Алайда ол «семинары» экскурсиядан ары аспайды. Бұл жағдай мұнай-газ жане басқада табиғи байлықты игеріп отырған шетелдік алпауыттардың көзбояушылық «семинары». Шетелге барып қыдырып келген бір аптамен маманның біліктілігі өспейді. Қазіргі Батыс Қазақстанда болып жатқан талас-тартыстың көбі жергілікті мамандарды шетқақпайлап, оқытпай, біліктілігін арттырмағандықтан туындап отыр. Соның салдарынан шетелдік жұмысшылардан неше есе аз жалақы алған қазақ ереуілдетіп жатыр.

Осы жағдайды білсе де білмеске салған кей ағаларымыз «Қазақстан индустриялды-инвестициялық елге айналып келеді! Алға!» деп ұран салып алып, тағы да қазақ тілінің өз елінде өгей күй кешкеніне ашынып, Елбасына жиналып хат жазып, болмаса жақ-жақ болып дін туралы бітпейтін айтыс-тартыс жасайды. Алайда өзгеріп жатқан ештеме жоқ. Техникалық өндіріс пен сервис саласында қазақ жастары өз елінде өз-өзіне қожа болып, өз сапасын жоғары көтермей, өз басымдығын орнатпай, қазақ тілінің де өрісі кеңейіп, мәртебесі өспейді. Қолынан іс келетін ағалар алдымен жалпы ұраннан гөрі қазақ жастарының техника саласында жол табуына қолғабыс тигізіп, маңызды салаларды игере бастаса, біз де бір қадам алға жылжыр едік.

Қорытып айтқанда, жоғары оқу орнынан тартып, жұмыс тауып, біліктілік арттыруға дейінгі аралықта қазақтың жаңа техникалық саласындағы жастардың көретін күні, басып өтер жолы – тар да тайғақ жол. Жан-жақтан өрмекшінің торындай аяғыңа оралғы болатын кедергілер қадамыңды аштырмайды. Қайда барсаң алдыңнан өз торын жайып, өрмегіне орап, жеміне айналдырғысы келетін дәу, жат өрмекшілер кездеседі, бір жібін тартсаң – бүкіл торы қозғалады.

Ал әзірге қазақ жігіттері шикізатқа ие болып, әкімшілік басқаруды игеріп, креслода шалқайғанымен, жаңа техника мен технология саласында үлкен өрмекшідей ептілікпен ерінбей өз өрмегін құрып, тарам-тарам жаңа техникалық сервис саласын меңгеріп отырған жоқ.

Қазақстан техника саласы қазақ «өрмекшілерін» күтіп тұрмайды.

(Жазба Көкжалдың блогынан алынды).
XS
SM
MD
LG