Accessibility links

Пәкістанда "Хаккани" тобының ықпалды мүшесі өлтірілген


АҚШ-қа қарсы наразылық жиынына қатысушы адам америкалық әскери ұшақ бейнеленген сурет жанында тұр. Карачи, Пәкістан, 4 маусым 2011 ж. (Көрнекі сурет)
АҚШ-қа қарсы наразылық жиынына қатысушы адам америкалық әскери ұшақ бейнеленген сурет жанында тұр. Карачи, Пәкістан, 4 маусым 2011 ж. (Көрнекі сурет)
Пәкістанда бүгін таңертең АҚШ ұшағынан атылған зымыран соққысынан «Хаккани» тобының Жәлил есімді ықпалды мүшесінің өлгені туралы ақпарат тарады. Бұл адам аталған топтың басшысы Сираджуддин Хакканидің туысы және осы топ жүзеге асыратын оперцияларды үйлестіріп отырған деген болжам бар.

Әуеден атылған зымыран соққысынан бүгін Пәкістанның Ауғанстанмен шекаралас солтүстік Вазиристан аймағындағы Мираншах қаласының маңында бір ауылда Жәлилмен бірге тағы екі бүлікші мерт болғаны айтылады. Бұған дейін Пәкістанның жергілікті билік орындары төрт адамның өлгені туралы хабарлаған еді.

Биылғы мамыр айынан бері америкалық әлгіндей ұшақтар Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы таулы аймақтарда қарулы бүлікшілер мен олардың базаларының көзін жою мақсатында 30-ға жуық осындай операцияны іске асырды.

АҚШ үкіметі Пәкістанның арнайы қызметін «Хаккани» тобымен байланысы бар деп айыптаған еді, бірақ Исламабад оны жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG