Accessibility links

Тунис премьері ел азаматтарын сайлауға қатысуға шақырды


Тунис премьер-министрі Беджи Каид Эс-Себси.

Тунис премьер-министрі Беджи Каид Эс-Себси.

Тунис премьер-министрі Беджи Каид Эс-Себси ел азаматтарын қазанның 23-іне белгіленген парламент сайлауына "еш алаңсыз" қатысып, дауыс беруге шақырды.

Ол бұл жолғы сайлау бұрмалаусыз және зорлық-зомбылықсыз өтеді деп уәде берді.

Алдағы жексенбіде Тунис азаматтары дауысқа түскен үміткерлердің арасынан парламент мүшелерін - 217 адамды таңдайды. Өз кезегінде парламент Тунис президентін сайлайды. Ал президент жаңа үкіметті жасақтап, елдің жаңа Конституциясының жобасын әзірлеп ұсынуы тиіс.

Бақылаушылар бұл сайлауда «Эннахда» исламшыл партиясы басым дауысқа ие болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Мемлекетті 23 жыл үздіксіз басқарған президент Зин әл Әбидин Бен Әли жаппай халық наразылығы нәтижесінде биыл қаңтарда елден қашып кеткелі бері Тунисте алғаш рет парламент сайлауы өткелі отыр.

Тунистен басталған толқулар араб әлеміндегі өзге елдерге де әсер етті, ал Египет пен Ливия сияқты мемлекеттерде елді 30-40 жыл бойы басқарып келген басшылардың биліктері құлатылды.
XS
SM
MD
LG