Accessibility links

Израиль мен Египет қамаудағыларды алмастыруға келісті


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Израиль үкіметі Египетте қамауда отырған Илан Грапельді израиль түрмелеріндегі египеттік 25 азаматқа айырбастау туралы мәміле жасағаны туралы хабарлады.

Египетке Хосни Мүбәрәк режиміне қарсы жаппай наразылық кезінде америкалық төлқұжатымен барған Израиль мен АҚШ азаматтығына ие Илан Грапель биыл маусым айында сол елде тұтқындалған еді. Әуелгіде оған тағылған "Израильдің пайдасына тыңшылық жасаған" деген айып кейіннен алынып тасталды да, билік оған "жаппай тәртіпсіздіктерге айдап салып, мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасауға арандатқан" деген кінә тақты.

Израиль үкіметі Илан Грапельге айырбастамақшы болып отырған өз түрмесіндегі 25 адамның арасында мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекеттері бойынша қамалғандардың жоқ екендігін атап айтты.

Әзірге оларды Илан Грапельге дәл қай күні айырбасталатыны айтылған жоқ. Кейбір болжамдар бойынша, айырбас қазанның 27-і жасалуы мүмкін.

Бұған дейін Израиль билігі 2006 жылы бүлікшілер ұрлап әкеткен израильдік сарбаз Гилад Шалитті биыл қазанның 18-і күні сол кезге дейін израиль түрмесінде қамауда болған 1027 палестиндікке айырбастаған еді. Ол келісімді Израиль үкіметі мен ХАМАС тобы Египеттің ара ағайындық етуімен жасады.
XS
SM
MD
LG