Accessibility links

Алматы түрмесінде тұтқынның өз аузын тігіп тастағаны туралы хабарды ресми орындар жоққа шығарады


Айыпкер Шалқар Оразалин Павлюктің өлімі бойынша сот мәжілісі кезінде. Алматы, 11 шілде 2011 ж.

Айыпкер Шалқар Оразалин Павлюктің өлімі бойынша сот мәжілісі кезінде. Алматы, 11 шілде 2011 ж.

Алматы қаласының №1 тергеу абақтысында қамауда отырған сотталушы Шалқар Оразалин бейсенбі күні аштық жариялап, аузын тігіп тастаған. Бұл туралы Азаттық радиосына бүгін оның адвокаты Айгүл Ербөлекова хабарлады.

- Өзіне қарсы іс бойынша сот әділ өткен жоқ деп санайтын Оразалин сот үкіміне наразылық ретінде аштық жариялап, өз аузын тігіп тастаған, - деді адвокат. Сондай-ақ ол Шалқар Оразалинге шығарылған үкімге келіспей, апелляциялық шағым бергенін айтты.

Алайда, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы және облысы бойынша департаментіндегілер Шалқар Оразалиннің өз аузын тігіп тастағаны туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өліміне қатысты айыпталған Қазақстан азаматы Шалқар Оразалинды қазанның 11-і күні Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Онымен бірге сотқа тартылған тағы екі адамның бірі 10 жылға, екіншісі 17 жылға сотталды.

Қазақстан полициясының мәліметінше, айып тағылған үшеу 2009 жылы 16 желтоқсанда Алматыға келген журналист Геннадий Павлюк аяғы мен қолын скотчпен байлап, қаладағы үйлердің бірінің алтыншы қабатынан тастаған. Ауыр жарақаттан есін жимаған журналист бірнеше күннен кейін ауруханада қайтыс болды.

Павлюктің туыстары мен жақтастары журналистің өлімін оның кәсіби әрекетімен байланыстырғанымен, тергеушілер мен сот бұл қылмыстық істің "саяси астары" жоқ деп тапты.
XS
SM
MD
LG