Accessibility links

Қазақстанда «Электронды үкімет» қызметін 25-45 жастағылар белсенді пайдаланады


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстанда egov.kz («Электронды үкімет») порталының қызметін пайдаланатындардың жартысынан астамы - 25 пен 40 жас аралығындағы азаматтар. Қазақстанның байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев өз блогында бүгін осылай жазды.

«Белгілі болғандай, «электрондық үкімет» порталына тіркелгендердің жартысынан көбі 25 пен 40 жас арасындағы азаматтар, солардың ішінде 27 жастағылардың саны бәрінен көп», - деп жазады министр.

Сондай-ақ, ол еgov.kz порталына тіркелгендердің 21 пайызын 40-55 жас аралығындағылар құрап отырғанын айтады. Ал, порталға тіркелген қолданушылардың 5,3 пайызы 55 жастан асқан азаматтар екен.

«Гендерлік белгілеріне қарай бөлетін болсақ, порталда тіркелген «ханымдар» мен «мырзалардың» көрсеткіші 50,5% және 49,5%-ға тең», - дейді Асқар Жұмағалиев.

Қазақстан бойынша «электрондық үкімет» порталын жұрт күніне 25 000 рет қарайды екен. Пайдалану көрсеткіші бойынша тіркелген барлық қолданушылардың 17 пайызын құраған Алматы қаласы бірінші орында тұр. Астана қаласы 14% көрсеткішпен екінші, ал Қарағанды 11% көрсеткішпен үшінші орында.

Ал тізімнің ең соңына 2 % көрсеткішпен Маңғыстау облысы тұр.
XS
SM
MD
LG