Accessibility links

«Павлюк ісіне» қатысты сотталған азамат аузын тігіп тастады


Тұтқын Шалқар Оразалин аузын тігіп жатыр. Алматы. 27 қазан 2011 жыл.
Тұтқын Шалқар Оразалин аузын тігіп жатыр. Алматы. 27 қазан 2011 жыл.

Қырғыз журналисті Геннадий Павлюктің ісіне қатысты 11 жылға бас бостандығынан айрылған Шалқар Оразалин сот үкіміне қарсылық танытып, аузын тігіп тастады.


Бұл туралы Азаттық радиосына қазанның 28-і күні Шалқар Оразалиннің адвокаты Айгүл Ербөлекова мен әйелі Гүнәй Оразалина хабарлады.

Адвокат Айгүл Ербөлекованың айтуынша, қазанның 27-інен бері аштық жариялаған Шалқар Оразалин бейсенбі күні аузын тігіп тастаған. Ол «әділетсіз сот үкімінің күшін жоюды талап етіп отыр».

ЖАЗА

- Ол сот үкімін әділетті болады деп күткен еді. Бірақ өкінішке қарай, оның үміті желге ұшты, - дейді Айгүл Ербөлекова.

«Павлюк ісі» бойынша үш айыпталушының бірі Шалқар Оразалинге қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша (96, 181, 125-баптары бойынша яғни, адам ұрлау мен өлтіру, бопсалау фактілері бойынша) айыптар тағылған еді. Сот оны екі бап бойынша кінәсіз деп тауып, тек «адам ұрлауға» қатысқаны үшін кінәлі деп танып, 11 жылға соттап жіберген болатын.
Айгүл Ербөлекова, Шалқар Оразалиннің адвокаты. Алматы, 28 қазан 2011 жыл.
Айгүл Ербөлекова, Шалқар Оразалиннің адвокаты. Алматы, 28 қазан 2011 жыл.

Адвокат Айгүл Ербөлекованың айтуынша, Шалқар Оразалинді енді «режимді бұзғаны үшін» карцерге отырғызуы мүмкін екен.
Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айынан осы жылдың наурыз айына дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отырған кезде туберкулез дертіне шалдыққан Шалқар Оразалинге ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген.

Ол қорғап отырған азаматының денсаулығы барған сайын нашарлап бара жатқанын айтады.

- Оның жағдайы ауыр. Бұрындары да ауыр болатын. Барған сайын әлсіреп барады, - дейді Айгүл Ербөлекова.

Ал Шалқар Оразалиннің әйелі Гүнәй Оразалина күйеуінің өміріне алаңдап отырғанын айтады. Оның айтуынша, ол бұдан да радикалды шараларға баруы мүмкін.

- Енді оның қарнын, тамырын тілетініне күмәнім жоқ. Мен қорқамын. Себебі, ол екі баланың әкесі. Біздің бір ұл, бір қызымыз бар. Біреуі – екі жаста, біреуі – үште. Қызын әлі көрген де жоқ. Бұл да оған соққы болған шығар, - дейді Гүнәй Оразалина.

МӘЛІМДЕМЕ

Авдокаты мен туыстары Азаттық радиосына Шалқар Оразалиннің аузын тіккені туралы видео мен тергеу изоляторында жасаған мәлімдемесін де тапсырды.

– Қартайған анама, жас балаларыма айыбым жоқ екенін қалай дәлелдеймін? Оларға не айтамын? Бұдан кейін оларға жұрт не дейді? Жазығым жоқ екенін қалай дәлелдеймін? Сот материалдарымен танысқан соң осылай болады. Сондықтан аштық жариялап, айыбым жоқ екенін дәлелдеу үшін өлуге дайынмын, - деп мәлімдейді Шалқар Оразалин.

Ол түрмеде көз жұмуы мүмкін екенін ескертіп, өліміне кінәлі болуы мүмкін ішкі істер қызметкерлерінің аты-жөндерін атады.
Гүнәй Оразалина, сотталған Шалқар Оразалиннің зайыбы. Алматы, 28 қазан 2011 жыл.
Гүнәй Оразалина, сотталған Шалқар Оразалиннің зайыбы. Алматы, 28 қазан 2011 жыл.

Қазанның 28-і жұма күні Шалқар Оразалин отырған Алматыдағы №1 тергеу изоляторының бастығы Манас Тұяқбаевқа хабарласқан кезде ол Азаттық тілшісіне бұл мәселе туралы ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты.

Алматы облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ирина Якубоваға хабарласқан кезде әуелі бұл ақпаратты жоққа шығарған еді. Сәлден кейін өзі хабарласып Шалқар Оразалиннің сот үкіміне қарсылық танытып, аштық жариялап, аузын тіккенін растады.

- Прокуратура да, біз өзіміз де онымен сөйлесіп, мұның мәселені шешпейтінін айтамыз. Заңды жолмен сот үкімін шағымға беру керек қой, - дейді Ирина Якубова Азаттық тілшісіне.

Ал адвокат Айгүл Ербөлекова сот үкімін аппеляцияға беріп қойғанын айтады.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк 2009 жылы желтоқсанның 16-сы күні Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің алтыншы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-сінде қайтыс болған еді. Қазақстандық полиция осы оқиғаға орай кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, оны зерттеуге Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау орындары кіріскен еді.

Қазан айында бұл іс бойынша сот үкімі оқылып, Қазақстан азаматтары – Алмас Игіліков 10 жылға, Шалқар Оразалин 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Қырғызстан азаматы Алдаяр Исманқұлов «Павлюктің өлімін ұйымдастырушы адам» деп танылып, 17 жылға сотталған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG