Accessibility links

Қырғыз президентінің сайлауында Алмазбек Атамбаевтың жеңіске жеткені хабарланды


Қырғызстан қазіргі үкімет жетекшісі Алмазбек Атамбаев президент сайлауында дауыс беріп тұр. Бішкек, 30 қыркүйек 2011 ж.
Қырғызстан қазіргі үкімет жетекшісі Алмазбек Атамбаев президент сайлауында дауыс беріп тұр. Бішкек, 30 қыркүйек 2011 ж.
Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының бүгін таңертеңгі сағат 06.30-дағы жария еткен алдын ала деректері бойынша, ел үкіметінің қазіргі жетекшісі Алмазбек Атамбаев жексенбі күні өткен президент сайлауында дауыс берген сайлаушылардың 63,04 пайызының қолдауына ие болған.

Бұл осы сайлаудағы барлығы 2318 сайлау учаскесінің 2190-ындағы дауыс беру нәтижелерінің негізінде, яғни сайлау бюллетеньдерінің 94,13 пайызы өңделген соң айтылып отыр.

Екінші орында «Бутун Қырғызстан» партиясының жетекшісі, бұрынғы мемлекеттік хатшы Адахан Мадумаров тұр, оған сайлаушылардың 14,83 пайызы қолдау білдірген. Ал «Ата-жұрт» партиясының төрағасы, Қырғызстанның бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Қамчыбек Ташиев дауыс бергендердің 14,4 пайызының сеніміне ие болған.

Қырғызстанның қолданыстағы заңына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жартысынан астамын жинаған кандидат жеңіске жеткен болып танылады.

Қырғызстанның қазіргі президенті Роза Отунбаева бұл президенттік сайлауға түскен жоқ. Осы қызметке 2010 жылы жазда Қырғызстанда өткен референдум негізінде тағайындалған Роза Отунбаеваның президенттік өкілет мерзімі биыл желтоқсанның 31-інде аяқталады.

Сонымен бірге былтырғы референдум президенттің билігін шектеп, парламенттің құзырын күшейткен болатын.
XS
SM
MD
LG