Accessibility links

Бабалармен бәсеке немесе Абылай ханға 300 жыл


Астананың бір шетінде ашық далада тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 21 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Астананың бір шетінде ашық далада тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 21 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


Қазақ қазақ болғалы қаншама жаугершілікті, жан алысып, жан беріскен қилы замандарды бастан кешірді. Сондай қиын-қыстау жылдар қаншалықты көп болса да, ел басына күн туғанда қол бастап, ел тағдырын өзгерткен ұлы көсемдеріміз саусақпен санарлық.

Сол санаулы көсемдеріміздің ішінде халық жадында қалып, әлемге әйгілі болған хун көсемі Мөде Тәңірқұт, ұлы түрік көсемі Күлтегін, көшпенділердің ұлы көсемі, ұрпақтары Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Шыңғысхан, Қазақ ордасын құрған Керей мен Жәнібек, «Қасым ханның қасқа жолын» қалыптастырған Қасым хан, «Есім ханның ескі жолын» қалыптастырған Есім хан...

Міне, осы саусақпен санарлықтай ұлы хандарымыздың бірі де, бірегейі де – Абылай хан. Биыл Абылай бабамыздың дүниеге келгеніне 300 жыл толып отыр. Бұл 300 жылдықтың желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы, тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуі жай кездейсоқтық емес, ұлы бабамыздың өз халқымен тілектес болған рухының куәсі.

Сонау қиын-қыстау заманда тәуелсіздікке қауіп төнгенде шыбын жанын шүберекке түйіп, даналықпен ел бастап, қайтпас қайсарлығымен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан территориясынан екі есе үлкен ұлы даланы ұрпағына аманат еткен жоқ па? Егер сол кезде Хан Абылай ақ туын көтеріп, Қазақ хандығын қорғап қалмағанда бүгінгі Қазақстан елі болмас та еді ғой! Ендеше «Абылайдың асында шаппағанда, атамыздың басына шабамыз ба?» Қайдағы бір рудың тентегі мен телпегін «батыр» атап, ат шаптырып, ас беріп, ақындар айтысын оздырып жатқанда алты алаштың айбары ұраны болған Хан Абылайдың 300 жылдығы еш атаусыз қалып бара жатқанын қалай түсінуге болады? Себебі неде?

Соңғы кезде қазақ елінің тәуелсіздігін де, тарихын да тек 1991 жылдан бастап есептеп, қазақ еліне еселі үлес қосқан ұлы бабаларымызды ескермеу, елемеу етек алды. Тіпті әрі-беріден соң өткен тарихтағы бақилық болған бабаларымызбен бәсекелесу, бүгінгілерді өткен тарихпен салыстырып бағалау «модаға» айналды: «Қазақ елі бұрын-соңды мұндай көп ұлтты ел болып көрмеді», «Қазақ қазақ болғалы бүгінгі шекарада мемлекеттік болмаған, көрші елдерімен қағаз жүзінде шекара келісімі жасалмаған», «Қазақ қазақ болғалы Астанадай әлемге танылған қала салмаған», «Қазақ қазақ болғалы әлемдегі елдердің басын қосып, ұйым құрып, халықаралық ұйымға төраға болмаған»...

Иә, былай қарасаң еш өтірігі жоқ, шынайы айтылған сөз. Бірақ өткен тарихпен, өтіп кеткен бабалармен бәсекеге түсіп не табамыз? Егер осы даланы сол бабалар ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бізге аманат етпегенде сол «болмағандар» болар ма еді?

Егер осылай баба дәуірін ескермей, өткен ата-бабаларымызбен «жарысқа» түсе беретін болсақ, ертең өз тарихынан безінген тамырсыздар бұл жарысты былай жалғастырмасына кім кепіл: «Күлтегін исламға сенбей тәңіршіл болған, мен мұсылманмын! Ол бабам емес», «Шыңғысхан атпен жүрген, жеке машина міне алмаған, ал менде бар», «Әбу Насыр әл-Фараби орыс тілін білмейді, ал мен білемін», «Абай интернет дегенді, әлеуметтік желілерді білмейтін надан! Ал мен білемін», «Абылай өмірі самолетке мініп көрмеген, ал мен мінгенмін», «Әлихан Бөкейхан ұялы телефон қолданғанды білмеген, ал мен білемін».

Міне, осылай өткен дәуірдегі бабаларыммен «жарысқа» түсетін болсақ, бүгінгілердің кез-келгені бабаларынан «асып» түсетінін, «көргені» артық екенін біліп отырсыздар.

Хош, 2011 жыл да жылыстап өтіп бара жатыр. 1711 жылы дүниеге келіп, қазақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған үлкен алапаттан, жер бетінен жоғалып кетуден аман алып қалған ұлы көсемімізді еске алмай, тамырымызға үңіліп, тарихқа бойламай, «аспаннан түскен» Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын дүрілдетіп тұрып тойлармыз. Бірақ «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бабалар сөзін ұмытып қандай қамал аламыз?

«Бұрын анау болмаған, бұрын мынау болмаған!» деп, бабалармен жарысамыз деп, Абылай бабамыздың 300 жылдығын ескерусіз қалдырып бара жатқанмыз жанға батады.

(Жазба Көкжалдың блогынан алынды).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG