Accessibility links

«Өркениетті» мектеп


Қызылағаш ауылындағы президент Назарбаевтың бтлборды ілінген мектеп. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қызылағаш ауылындағы президент Назарбаевтың бтлборды ілінген мектеп. Алматы облысы, 9 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ағам ауылда мұғалім. Әр түрлі кәсіпке баулитын лицейде. «Эксплуатация труда» деген ұғым бар. Осы ұғым дәл осы мұғалімдерге қатысты айтылғандай. Азаннан кешке дейін сабақ. Жоспарды күндіз жазады, түнде жазады. Одан қалса тәрбиелік сағаттар, апталық жоспарлар..., сансара дөңгелегі сияқты «бірі бітсе, екіншісі пайда болатын» өмірі таусылмайтын қағаз-құжаттар, шимай-шатпақтар. Бастықтары қағаз жейтін көрінеді. Ылғи «план, план» деп қақсап отырады екен.

Және бұл «жанкештілік» не үшін дейсіз ғой. Оқушылар үшін бе? Жоқ. Бұл сонда кімге керек? Бұл, бұл - мектептің өз «функциясын» «мүлтіксіз» атқарып отырғандығын дәлелдейтін, ертеңгі күні жоғары жақтан келетін «комиссияның» алдында «мектеп абыройын сақтап қалатын», мекеменің қызметкерлерін асырап отырған өте-мөте маңызды құжат. Қағаз фабрикаларының жұмысын жандандырған «мемлекеттік маңызды» іс.

Және бұл құжат қалай бағаланады десеңізші!! Егер де сіз оны тапсырмасаңыз, жүз жерден «новатор» болыңыз, сізден біліксіз, бейшара қор маман жоқ.

Сабақ беру, жоспар жазу сияқты «негізгі» жұмыстардан бөлек мұғалімнің толып жатқан ұсақ-түйек «қосымша» міндеттері бар. Оны тек мектептің «ішкі кухнясымен» жақсы таныс адам жақсы біледі.

Сабақ қырық жылғы оқулықтармен оқытылатындықтан, динамика жоқ болғандықтан балалар сабаққа келмейді. Оларды мектептен шығаруға болмайды. Әйтпесе, мектеп бюджеттен қағылады. Мұндайда күш тағы да мұғалімге түседі. Тым болмағанда бес- алтауымен класты толтырып сабақ өткізу керек.

Мектепте аула сыпырушы, еден жуушы қағаз жүзінде бар болғанмен оның бәрі оқушылар мойнында. Оларды істету де - тағы мұғалімдер мойнында. Мұндайда кез-келген «метод» бола береді: үркіту, қорқыту, «жақсы баға қоймаймын» деген сияқты сөздер, мақтау, алдау т.б Оқушылар арасында бастықтың бизнесіне көмектесіп жүрген «тұрақты жұмысшы» - қағаз жүзінде бар оқушылар бар. Олардың фамилиясын біліп жүру де артық болмайды.

Мектепке обланодан комиссия келсе де, әйтіп-бүйтіп күтіп жіберу мұғалімдердің мойнында. Жоғарыдан оқушылар білімін тексеру – мұғалімдердің жиналатын «собраздың» көмегімен жүзеге асырылады. Комиссия бір жақта, мұғалімдер екінші жақта, уһ, әйтеуір тесті тапсырып бітеді... Мұғалімдердің өздері. Мұнан кейін мұғалімдердің ақшасына олар кафеге отырады. Бір сөзбен айтқанда күтіліп жіберіледі. («Собраз» көлемі 500 бен 1000-2000 теңге аралығында, бұл жинауға негіз болған шараның маңыздылығына байланысты анықталатынын айтып қояйын).

Бұдан бөлек, мұғалімдердің тағы бір міндеті бар – «мемлекеттік басылымдарды асырау». Әр мұғалімге қойылатын талап - бір республикалық, бір аудандық газет және журналға жазылу керек. (Мұндайда строго «Егемен»:))

Осындай қу тірлікпен айшылап жүріп мұғалімдер 20 мың мен 40-50 мың теңге көлемінде жалақы алады. Әрбір мұғалімнің мойнына бір-бір несие ілінгенін ескерсек, жағдайдың мәз емес екенін түйсініп сезінуге болады.

Айта берсең, бітпейді. Мектеп кадрлары ұзақ жылдан бері жаңармаған. Әлі «кәрі состав». Анда-мұнда жастар кезігіп қалады. Бірақ көп тұрақтамайды. Директор, завуч, бухгалтердің бәрі 60-70-тегі адамдар. Совет кезінде тәрбиеленіп, әбден сондағы жүйенің қалтарыс-бұлтарыстарын меңгерген, қит етсе жастарға зәрін төгетін «орыс тілді» қауым.

Былай қарағанда, бәрі бүтін сияқты. Мектеп бар, оған бөлінген бюджет игеріліп жатыр, есеп-отчеттер жазылып жатыр, аккредитациядан өткен. Ал өкінішке орай «ішкі кухнясы» осындай.

Әлгінде ғана Назарбаев университетіне шетелден студенттер қабылдайтыны туралы ақпарат естідім. Біз қай елде тұрып жатырмыз?
XS
SM
MD
LG