Accessibility links

EurasiaView басылымы пост-советтік мемлекеттердегі интернет ресурстарына салынатын шектеудің дами түскенін жазады. Тәуелсіз интернет ресурстары мен авторитарлық билік арасындағы күрестің соңы көрінбей тұр.


Пост-советтік кезеңдегі цензураның даму жағдайына үңілген Гарвард университетінің зерттеушілері Этан Цукерман мен Хэл Робертс 1990 жылдардың аймақтағы елдердің үкіметтері қатаң шараларға сүйенгенін, әсіресе сөз бостандығын шектеу үшін интернет провайдерлеріне шектеу салынғанын айтады. «Интернетті қолданушылардың «көздері ашыла бастаған» сайын, постсоветтік мемлекеттердің биліктері бейбіт қимылдарға көшуге мәжбүр болып, енді интернет контенттерді бұғаулай бастады» дейді EurasiaView қарашаның 7-сі күнгі санында.

DDoS ШАБУЫЛ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Соңғы жылдары кейбір елдердің билігі саяси оппозицияны тұншықтыру үшін хакерлік технологияларды қолданып жүр. Бұл технология көбінесе «сервиске қызмет көрсетуден бас тарту» (DDoS) деп аталады. DDoS шабуылы нысанаға алған веб-сайтты оның серверіне ақпаратты жалған сұрату арқылы қайта жүктеу жолымен құртады. Бұл жалған сұраулар вирустармен, я қауіпті бағдарламалармен сапасы төмендеп кеткен компьютерлерден (немесе «ботнет») жіберіледі. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, ең үлкен DDoS шабуылдар мыңдаған компьютерлерден тұратын ботжелілерден жіберіледі.

Зерттеулерінің бір бөлігінде Цукерман мен Робертс қазақстандық тәуелсіз жаңалықтар веб-сайты zonakz.net сайтына тәжірибе жасаған. 2009 жылы Алматыда орналасқан сайт бір аптаға созылған DDoS шабуылдардан зардап шеккен. Вебсайт қазақстандық саясаткерлердің арасындағы телефон әңгімелерін жариялап жібергеннен кейін Қазақстан үкіметі сайтты 2007 жылы бұғаулап тастаған. Бірақ екі жыл өткеннен кейін zonakz.net веб-сайты тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де ашылмай қалды.
«Егер фильтрация тәсілі әдетте бір мемлекеттің аумағында «қара тізімге» енген веб-сайттарды белгілі бір провайдерлер үшін жауып қоятын болса, DDoS шабуыл веб-сайтты белгілі бір уақытқа дейін мүлдем бұғаулап тастайды» дейді басылым.

DDoS шабуылы бұрынғысынша ақпараттың еркін айналымда жүргенін тексерудің кең таралған әдісі болып отыр. Қазақстандық сөз бостандығын қорғайтын үкіметтік емес «Әділ сөз» ұйымы шілде айында DDoS шабуылы «Свобода слова» газетінің бұрынғы редакторы Гүлжан Ерғалиева жүргізетін guljan.org ақпараттық порталын жауып тастағанын айтады.

КИБЕР ШАБУЫЛДАН ҚОРҒАНУ

Мұндай шабуылдарды ұыймдастыруға қатысты бар негізгі күдікті президент әкімшілігі болғанымен, DDoS блицтердің қайдан шығатынын анықтау қиын дейді қос зерттеуші.

Cырт көзге сөз бостандығын құрметтеп отырған болып көрінгенімен, саяси диссиденттерді қысып отыруды қалайтын жалған либералды режимдер DDoS шабуылды пайдалануға бейім. Қазақстан Орталық Азия мен Солтүстік Кавказдағы саяси астары бар DDoS шабуылдары жасалатын жалғыз мемлекет емес. 2008 жылдан бері Әзірбайжан, Қырғызстан және Грузиядағы барлық оппозициялық веб-сайттарға да DDoS шабуылдар жасалған.
Цукерман мен Роберт шағын, тәуелсіз веб-сайттарға DDoS шабуылдардан қорғану үшін Google-дың Blogpost қызметі сияқты үлкен медиа-хостинг платформаларына көшуді ұсынады.

Басылым пост-советтік елдердегі билік интернетке цензура қою тәсілдерін жетілдірген сайын, сөз бостандығын қорғаушылар мен оппозициялық саяси белсенділер де интернет ресурстарды шектеудің қыр-сырына қанық бола түскенін айтады. Зерттеушілер кибер шабуылдарға қарсы қорғаныс бағдарламаларының да жасалып жатқанын жеткізеді. DDoS шабуылдан қорғану қызметін Ресейдің компьютер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Kaspersky Lab. компаниясы дамытты. DDoS шабуылынан қорғанатын бағдарлама Қазақстанда 2012 жылға қарай сатыла бастамақшы.

Цукерман мен Роберт шағын, тәуелсіз веб-сайттарға DDoS шабуылдардан қорғану үшін Google-дың Blogpost қызметі сияқты үлкен медиа-хостинг платформаларына көшуді ұсынады.

Дегенмен, үлкен хостингтер веб-сайттарды мұндай шабуылдардан біршама қорғағанымен, оның қауіпсіздігіне толық кепілдік бере алмайды. 2010 жылдың тамызында Қазақстанның «Центр тяжести» интернет форумына жасалған DDoS шабуыл мен Livejournal.com және Livejournal.ru блог-платформаларына жасалған шабуылдар тіпті күшті интернет контенттердің де әлсіздік танытатынын көрсетті.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЫҢШЫЛЫҚ

Интернеттің әлемде сөз бостандығын қорғап келе жатқанына біраз уақыт болды. Бірақ ол авторитарлық үлгідегі саяси режимдерді нығайту құралы да бола алады. Бұл жайлы қарашаның 3-і күні АҚШ-тың түрлі арнайы қызметтері құрастырған баяндамасында келтіріледі. Онда Қытай мен Ресей үкіметтерінің интернетті экономикалық мәліметтерді жүйелі түрде ұрлап отыру құралы ретінде пайдалануға барын сала кіріскендері айтылады. Мұндай экономикалық тыңшылық жобалау мен өнім өндірудің арасындағы алшақтықты арттыра түсу үшін жасалады.

Ғаламтордың табиғаты өзгеріп отыратындықтан, Орталық Азиядағы интернет контентке цензура қоюға қатысты «мысық-тышқан» ойынының соңы көріне қоймайтын сияқты деп аяқтайды басылым мақаласын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG