Accessibility links

Ресейлік ұшқыштар Душанбеде соттала салысымен Мәскеуде 300 тәжік тұтқындалды


Ресейдегі тәжік гастарбайтерлеріне қатысты әзіл сурет

Ресейдегі тәжік гастарбайтерлеріне қатысты әзіл сурет

Мәскеудің миграциялық полициясы орыс ұшқыштарын Душанбеде соттап жібергені үшін оларға қарымта ретінде 300-ге жуық Тәжікстан азаматтарын қамауға алып, алдағы аптада оларды түгелдей елдеріне қайтаруға дайындап жатыр деп хабарлайды Moscow Times қарашаның 14-і.


Сенбі күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Ресеймен стратегиялық байланыс және одақтастығымыз бұзылмас үшін» бұл дауды өзім барып қадағалаймын деп мәлімдеуге мәжбүр болған.

Мақала авторларының айтуынша тәжік диаспорасына мына жағдай қиын тиген. Жұмысшы тәжіктердің миграциялық басшысы Каромат Шарипов «Мына әрекет құлап жатқан адамды одан сайын тепкілегенмен тең болды» депті. Ол Тәжікстанның билік өкілдері Ресейдің ұшқыштарын, тіпті олар жазалауға лайықты болса да, босата салсын деп жаны қалмай дабыл қағады.

Жұма күні басылымға телефон арқылы берген сұқбатында ол «Ресейде жұмыспен жан сақтап жүрген бір жарым миллион тәжіктің тағдыры осы жаққа тәуелді. Бұл мәселенің саясатқа сойыл болғаны керек емес» деп таусыла сөйледі дейді журналистер.

«ТӘЖІКТЕРГЕ ЖАНДАРЫҢ АШЫМАСЫН»

Ресейлік www.gazeta.ru вебсайтына Шарипов құрылыста жүрген тәжіктердің жолын жапқан полицейлерге «тәжіктерге жандарың ашымасын» деп бұйрық берілген деп сұхбат беріпті. Сарапшылар Ресейдің мына экономикалық санкциялары Тәжікстанның өлмелі экономикасын мешеулетіп, тіпті күйретіп жіберсе, Рахмонның елден қуылуы мүмкін дейді.
Мәскеуде күнкөріс үшін жүрген тәжік гастарбайтер. 11 қараша 2011 жыл

Мәскеуде күнкөріс үшін жүрген тәжік гастарбайтер. 11 қараша 2011 жыл


Қалада кең көлемде жүргізілген рейд нәтижесінде 297 тәжіктің «миграция тәртіптерін өрескел түрде бұзғандығы» үшін ұсталғаны мәлім болды дейді федералды миграция қызметі. Енді олардың бәрі таяу арада елдеріне қайтарылмақшы.

Ресейдің миграция қызметі бұл жазалау шаралары ресейлік ұшқыш Владимир Садовничийге сейсенбі күні түрме жазасын кескен Тәжікстанның сот шешіміне қатысты жүріп жатқанын жоққа шығарады. Бұл жыл сайын жаңа жылдың қарсаңында тұрақты қайталанатын әрекет деп сипаттайды.

Бірақ «РИА Новости» агенттігіне атын айтпаған Ресейдің сыртқы істер министрлігіндегі бір қызметкері тәжіктерді елден қууға президент Владимир Медведев қарымта ретінде бұйрық бергенін айтады.
Бұл жанжал біраздан бері жалғасып келеді. Садовничий мен оның серігі Алексей Руденконы өткен наурыз айында Тәжікстан билігі қамауға алған. Ұшқыштар бортына екі «АН-72» ұшағын тиеген жүк ұшағымен Ауғанстандағы НАТО-ға керек-жарақтарын жекткізіп беріп, Мәскеуге қайтып келе жатқан. Тәжікстанға жанар-жағар май құйып алу үшін қонбақшы болғанда, жергілікті жауапты мамандар олардың қонуға қажетті құжаттарының жоқтығын айтып рұқсат бермеген. Ұшқыштар жанар-жағар майы таусылған соң амалсыз қонуға мәжбүр болған. Кейін Тәжікстанның құқық қорғау органдары оларды шекараны заңсыз кесіп өтті және ұшақтардың қосымша бөлшектерін контрабандалық жолмен алып өтпекші болды деген айыппен қамауға алды.

КҮЙЕУ БАЛА МЕН ГЕОСАЯСАТ

Алайда www.lifenews.ru вебсайты өткен аптада Тәжікстан президентінің күйеу баласы Рустам Кукумовты босаттыру үшін тәжік билігі Ресейге қысым жасап отырған болуы мүмкін деген болжам айтады. Кукумовты 2010 жылдың қыркүйегінде Мәскеу соты есірткі саудасымен айналысқаны үшін ұзақ мерзімге түрмеге қамаған болатын. Дәл қазіргі сәтте оның ісін жоғарғы сот қайта қарап жатыр деп жазған дейді журналистер.

Мәскеудегі ТМД елдерін зерттеу институтының Қазақстан мен Орталық Азия департаментінің директоры Андрей Грозин «Бұл оқиғаның түпкі себебі саясатта жатуы мүмкін. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон Тәжікстанға келген сапарында осы елден әскери база ашуға рұқсат сұраған. Бәлкім Рахмон содан соң америкалықтарға жағу үшін Ресейге сес көрсетіп жатқан шығар. Не болмаса Рахмон Ресейге жұдырық түю арқылы халқының алдында беделін өсіріп, өзінің қаншалықты маңызды тұлға екендігін барынша көрсетіп қалу үшін бұл істі әдейі ушықтырып отыр» деген ой білдірді.
Мәскеудегі жұмысшы тәжіктер Тәжікстанның елшілігіне келіп, елдеріне қайту үшін құжаттарын рәсімдеу кезінде. Мәскеу, 25 қараша 2010 жыл

Мәскеудегі жұмысшы тәжіктер Тәжікстанның елшілігіне келіп, елдеріне қайту үшін құжаттарын рәсімдеу кезінде. Мәскеу, 25 қараша 2010 жыл


Қалай болғанда да абыр-сабыр Мәскеуде қатты байқалады. Федералды миграция қызметі тәжік мигранттарына жұмыс жасауға рұқсат бермей тоқтатып тастады. Мемлекет енді Тәжікстанмен арадағы виза режимдерін қайта қарап жатыр.

Федералды миграция қызметінің басшысы Константин Ромодановский бейсенбі күні Медведевпен кездескен кезінде тәжіктер Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда қылмысты көбірек жасайды деп есеп берді.

Ксенофобияны зерттеумен айналысатын «Сова» тәуелсіз ұйымның директоры Александар Верховский «Күшке сүйенген мұндай тұрпайы шаралар осыған дейін де мигранттарды қудалап келген әсіреұлтшылдар үшін атақ-абырой, мақтанға айналатын болды. Мынадай адамды ашық аулау әрекеттері мигранттарға деген жеккөрінішті одан сайын арттыра түседі. Оның соңы әсіре ұлтшылдардың қатары жаңа адамдармен толыса түсуіне әкеп соғады» деді.

Грозин Мәскеудің қолында Душанбеге қысым жасайтын тетіктердің жетіп артылатынын айтады. Мысалы, тауар экспортын тоқтату, ақша аударуға кедергі қою, тәжік шенеуніктерінің, керек болса оның ішінде Рахмонның да жекеменшік үй-жайларын тәркілеп алып қою.

САЛҒЫРТТЫҚ

Осы арада Ресейдің басшылары ұшқыштарын босатып алу шараларын не себепті созып жіберді деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.

Тәжік басшылары бұл мәселе өткен айда БАҚ-да қызу талқылана басталғанға дейін Мәскеу Ресей ұшқыштарын құтқарып алуға ешқандай да мүдделі болған жоқ деп бірнеше мәрте қайталады. Тәжікстанның сыртқы істер министрі жұма күнгі мәлімдемесінде тіпті сот істері басталып кеткен соң да Ресей басшылары бұл іске қатысты бізбен байланысқан жоқ деген.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон. Душанбе, 22 қазан 2011 жыл

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон. Душанбе, 22 қазан 2011 жыл


Бірнеше сағаттан соң Мәскеудегі сыртқы істер министрі өзінің веб сайтында Душанбедегі елшісінің Тәжікстан сыртқы істер министрі мен ұлттық қауіпсіздік қызметіне аталмыш іс бойынша күні 17 мамыр деп көрсетілген ресми талап хатының көшірмесін жариялап қойды.

Дауға шатылған ұшақтардың иесі болып табылатын «Ролкан Инвестмент» компаниясының өкілдері бұл іс бойынша Душанбедегі Ресей елшілігіне сәуір айында арызданған. Алайда соның өзінде дипломатиялық іс-әрекеттер қазан айында ғана басталды деп жазады Коммерсант газеті.

«Ролкан Инвестмент» фирмасының директоры Пефердің айтуынша ол сәуір айында Душабедегі орыс елшілігінің есігін үш күн бойы күзетіп, ақыры кіре алмай кеткен.

Осындай ақпараттарға қарамастан Ресейдің сыртқы істер министрлігі дипломатиялық салғыртыққа қатысты сұрақтар қойған журналистердің өзінің бетінен ала түсті. Атын жасырған бір дипломат «РИА Новости» тілшілеріне «Мұндай ақпараттар тексерілмеген шикі, және оларды осы іске тікелей қатысы жоқ адамдардан естіп алған» деп жауап берді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG