Accessibility links

Ұлыбритания мен Канада Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізді


Иранның Бушер атом электр станциясы. 20 тамыз, 2010 жыл.

Иранның Бушер атом электр станциясы. 20 тамыз, 2010 жыл.

Ұлыбритания мен Канада Иранның ядролық бағдарламасына қарсы Иран банкілеріне жаңа санкциялар енгізді.

Ұлыбритания үкіметі бүгіннен бастап елдегі барлық несие және қаржы институттары Иран банкілерімен, олардың филиалдарымен және еншілес кәсіпорындарымен байланыстарын тоқтатады деп мәлімдеді.

Елдің қаржы министрі Джордж Осборн BBC телеарнасына Ұлыбританияның қаржылық жүйесінің Иран банк жүйесімен байланыстары тоқтатылатынын айтты. "Біз мұны Иран банкілерінің Тегеранның ядролық қару жасау бағдарламасымен байланысы бар екендігі дәлелденген соң істеп отырмыз" деді Джордж Осборн.

Канаданың сыртқы істер минстрі Джон Бэрд Канаданың Иранмен арадағы барлық қаржылық байланыстарды, оның ішінде Иран орталық банкімен де қарым-қатынасын үзетінін хабарлады. Иранның орталық банкі арқылы Канадада тұратын ирандықтар өз елдерімен қаржылық операциялар жасайтын.

АҚШ-тың қаржы министрлігі де Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізілетінін мәлімдеді.

Бұл санкциялар МАГАТЭ "Иран ядролық қару жасауға талпынып жатыр" деген тұрғыда баяндама жасағаннан кейін енгізіліп отыр. Иран "ядролық бағдарламамыз тек бейбіт мақсатты көздейді" дейді.
XS
SM
MD
LG