Accessibility links

Уа, халайық! Тониекең келе жатыр!


Қазақстан президентінің кеңесшісі, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр.

Қазақстан президентінің кеңесшісі, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр.


Исі қазақты білмеймін, ал бүкіл Қазақстанда арман жоқ шығар! Тәуелсіздік бұйырысымен көсегесін көгертер кеңесшілерге жарыды ғой! Сөйтті, сөйтті!..

Ең әуелі Ресейден Григорий Явлинский деген қасқа келді. «Қазақстанның экономикасын 500 күнде гүлдендіремін!» деді. Ресейін алға шығарып болған соң, обалы кәні, оның жалғыздан-жалғыз екпіндеп кете бергені жараспас деп және тіл-көзден аман болуын ойлап, жанына ежелгі көршісі Қазақстанды қосып қоюды ұйғарса керек. Жөн білгеннің аты – жөн білген!

Ол мырза іске, әрине, әп дегеннен аянбай кірісті. Үлкен гәзеттеріміз оның қимылын үкілеп жазып жатты. Экономикамыз ол қолға алған бірінші күннен бастап түрленіп жүре беріпті. Маманның аты – маман!

Күн аптаға, апта айға, ай жылға айналып жатты. Межелі 500 күн – орта есеппен 1,6 жыл; қазақы тілде – бір жарым жыл. Явлинский білгенін істеп бітіріп, Ресейіне қайтты. Қазақстанның экономикасын омалған орнынан қозғалта алмаса да, өзінің қалта мәселесін қатырып шешіп кеткені сөзсіз.

Одан кейін Оңтүстік Кореядан бір мырза жетті. Естуімізше, ол өзінің елін әбден байытып, онда істер ештеңе қалмай, Қазақстан есіне түсіп, өнерін танытуға келген атақты экономист екен. Оның аты-жөнін ұмытып отырмын, сірә, маған да, сіздерге де ныспысы қажет бола да қоймас, себебі ол мырзаның не жақсылық істегені бәрімізге белгісіз.

Республикамыздың бұрынғы партия мектебінің ғажап ғимаратын иемденіп, Экономикамызды нығайтатын институт ашты деді ме, Қазақстан экономистеріне үлгі ету үшін шет елдерден оқытушыларды опыр-топыр алдырып, әрқайсысына 5-10 мың доллар айлық беріп жатыр деді ме, сөйтіп, ақырында бір топ студенттің ата-аналарымен соттасып, «халықаралық оқу орынымыз» деген ресми құжаттарының бары бекер болып, масқарасы шыққанын естідік. Алайда өзіне қамқоршы болған президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзадан араша тілеп, аман-есен жүріп жатқанға ұқсайды. Әйтсе де бүгінде оның институтын өзінің шетелдік оқытушыларының бірі сотқа тартып, жұмысын ба, жалақысын ба – әйтеуір бірдеңелерін даулап жүр екен. Мейлі. Қайсысы жеңсе де, қазаққа бұйырар ұпай жоқ. Ал атақты экономист кәріс те қалтасын баяғыда-ақ нығыздап алған шығар, онысын да мейлі дейміз ғой.

О, үшінші кезекте пайда болған жарылқаушыны айтсаңшы! Гиффен! Джеймс Гиффен! Қазақстанды, әне, сол мырза бүкіл әлемге танытты! «Қазақгейт» дегенді естімегендеріңіз аз болар. Пәлен жылға созылған ол «эпопеяның» қалай аяқталғанын да білесіздер ғой, қайталап «жырлау» қажет емес. Алайда Джекеңнің біздегі «қызметін» қатты бастап, келген мақсатын мипалаулау үшін ел басшыларына 84 миллион доллар пара бергені, өзінің АҚШ үкіметі орындарының тыңшысы екені ашылып қалғаны еске түсіруге «тұрарлық» қой, ә? Айтпақшы, «Қазақгейт» шатағы басталып, Гиффен мырзаның бетпердесі сыпырыла қалғанда біздің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мырза «ол премьер-министріміз Әкежан Қажыгелдиннің кеңесшісі екенін» айтып салды. Бірақ, оның өкінішіне қарай, Джекеңнің жеке куәлігінде «Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі» деген өшпес жазу бар болып шықты! «Бәсе!» дедік. Е-е-е... пара дейтін «сыйлықты» АҚШ долларымен ондаған миллиондап үлестірген ол «мықтының» бізден алған «айлығы», сірә, «қырық есек, бір қашырға» жүк болған шығар!

Явлинский де, анау кәріс те, Гиффен де біздің президенттің экономика мәселелері жөніндегі кеңесшілері болды. Енді солардың ізімен кеңесшінің төртіншісі келді. Англияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мырза. Ол да Қазақстанның экономикалық дамуына басқа қырынан үлке-е-ен үлес қоспақшы екен. Е, мейлі. Елінің премьер-министрі тағында бір сайлау мерзімі отырып, екінші мерзім сайлауында мұрттай ұшса да, кешегі Муаммар Каддафиге біраз жыл кеңесші болыпты. Тәжірибесі жетерлік сияқты.

Ал Тониекеңнің алдындағы кәсіптестерінен (айлық жалақылары бүркеулі болғандардан) бір ерекшелігі – Нұрекеңе беретін кеңестері үшін бір жылда өздерінің ақшасымен 8 миллион фунт стерлинг алатын болғаны. Онысы – біздің ақшамен 2 миллиард теңге шамасы. Яғни айына орта есеппен 158 миллион теңге! Күніне 5 миллион теңгеден артық! Қал-л-л-лай екен?!. Мұндай жалақыны Қазақстанның, мысалы, білім-ғылым, медицина саласында еңбек етіп жүргендердің бәрі жиылып таба алмайды. Бірақ Нұрекең қалай ұйғарса, солай болады ғой – бітті! Тағы «Е, мейлі...» демеске дәт қайда?! Қазақстандық қарапайым еңбекшілердің нәпақасын кім қылғытпай жүр?! Тесік қалтамызды жұлып алса да, бізде «Әй!» деп ажыраяр қауқар қалмады емес пе?..

(Қараша, 2011 жыл).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG