Accessibility links

Араб монархтары диктаторлардан гөрі «реформашыл» болып шықты


Бахрейн королі Хамад елдегі әлеуметтік толқуды жаныштау туралы тәуелсіз комиссияның қорытындысы жөнінде пікірін айтып тұр. Манама, 23 қараша 2011 жыл

Бахрейн королі Хамад елдегі әлеуметтік толқуды жаныштау туралы тәуелсіз комиссияның қорытындысы жөнінде пікірін айтып тұр. Манама, 23 қараша 2011 жыл

Диктаторларды тақтан құлатқан «араб көктемі» Таяу Шығыстағы монархтарды да ойлантып тастады. Олар мемлекет байлығын отбасына ғана үлестірген кешегі тирандар сияқты емес, бұқара халықпен де тең бөлісуге бейіл. Сондықтан әзірше революция қаупінен жан сақтап тұр дейді Daily Telegraph басылымы.


БІР АДАМНЫҢ ӨЛІМІНЕН ТУҒАН БҮЛІК

Араб үкіметтерінің қолдарын көтеріп, әлдебір істі қате жасағандарын мойындап жатқанын көру қандай қызық деп жазады Daily Telegraph («Дейли Телеграф») газеті қарашаның 24-і. Дау-жанжал туа қалса, ешқандай да кінәні мойындамау, өзіне қарсы шыққан тұлғаларға күш қолдану бұл аймақта кең тараған тәсіл еді дейді мақала авторы.

Басылымның жазуынша, егер де Тунистің бұрынғы президенті Зин әл-Әбидин Бен Әли саудагердің көшеге шығып өзін-өзі өртеп жіберуіне мәжбүр еткен полицияны жауапқа тартуға ақылы жеткенде қазір бұл аймақтағы ахуал мүлдем басқаша қалыптасар еді.
Араб монархтарының өзгеріс талап еткен толқулар кезінде билік басында аман-есен қалып қоюының бір себебі - олардың тақтан құлаған диктаторлармен салыстырғанда халқына жақын бола білгені.

Саудагердің өліміне наразы болып, жүздеген шеруші көшеге шыққан кезде оларға қарсы Бен Әлидің табиғи реакциясы ескіше күйінде қалды. Ол сөзге келместен қалың әскерді тағы да төге салды да, мыңдаған белсенді шерушіні тұтқындап, интернетті жаптырып тастады. Аз уақыттың ішінде Тунистегі "жасмин революциясы" шапшаң қарқын алып, ақырында президент отбасымен Сауд Арабиясына бас сауғалап қашуға мәжбүр болды деп жазады газет тілшісі.

500 БЕТТІК БАЯНДАМА

Шағын ғана Бахрейн елінде халық толқуына қатысты мұндай неандертальдік тәсіл қолданылмай, әдеттегіден өзгеше оқиға болды деп жазады автор. Былтырғы көктемде билеуші әл-Халифа әулеті өзінің 200 жылдық басқару тарихында ең қиын дағдарыспен бетпе-бет келді.

Бахрейннің тәуелсіз комиссиясы жеткізген 500 беттік баяндамада осы елдің қауіпсіздік қызметі туралы бұрмалаусыз тура мәліметтер берілген. Құжатқа Бахрейннің қауіпсіздік қызметі толқуды басу кезінде шамадан тыс қатігез күш қолданып, соның кесірінен 40 адам қаза тауып, 1600 азамат жазықсыз тұтқындалған деген мәлімет енген екен.
Тунис астанасындағы халық толқуынан көрініс. Демонстранттар елдің президентіне қаратып "Саудаң бітті!" деген плакат ұстап тұр. Тунис, 14 қаңтар 2011 жыл

Тунис астанасындағы халық толқуынан көрініс. Демонстранттар елдің президентіне қаратып "Саудаң бітті!" деген плакат ұстап тұр. Тунис, 14 қаңтар 2011 жыл


Таяу Шығыстағы саяси дәстүрге сәйкес қарастыратын болса, бұл өте салмақты айыптау дейді зерттеушілер. Бұл жерде ең маңыздысы - режимнің адам қинайтын жасырын бөлмелерінің білініп қалғандығы емес дейді мақала авторы. Мұндағы ең таңқаларлығы – Бахрейн королі Хамадтың комиссияның тапқан осы асыра сілтеушіліктерді қабылдауға дайын екендігі және «болашақта мұндай сұмдық оқиғалар қайталанбайды» деп жария түрде уәде бергендігі деп санайды ол.

Бахрейн патшасы уәдесінде тұрып, жауапты адамдарды сотқа тарта ма, жоқ па - әлі белгісіз. Ең бастысы - араб әлемін шарпып өткен толқулардың басқа корольдіктерге қатты әсер еткендігі. Яғни диктаторлармен салыстырғанда бұл аймақтағы монархтары үкіметке қарсы жаппай шеру басталғанда әлдеқайда сауатты саяси шешім қабылдай алатындарын байқатты деп жазады автор.

БӨЛІСУ

Араб монархтарының өзгеріс талап еткен толқулар кезінде билік басында аман-есен қалып қоюының бір себебі - олардың тақтан құлаған диктаторлармен салыстырғанда халқына жақын бола білгені деп пайымдайды автор. Сирияның диктатор-билеушісі Башар әл-Асад сияқтылар өздері жаншып келген қарсыластарымен мүлде сөйлеспей қойғанда, Сауд Арабиясының Абдулла секілді билеушілері танымал тайпалардың көсемдеріне көбірек құлақ асқан. Одан бөлек мәселе байлыққа келіп тірелгенде, бұл монархтар Египеттің Мүбәрәгі мен Ливияның Каддафиіне ұқсамай, жалпы бұқараның көңілін аулайтын әлеуметтік жәрдем жобаларын қолға алған.

Бахрейннің өзінде елдегі шиит мұсылмандардың көпшілігі әл-Халифа династиясын әлі күнге шейін қолдауға дайын отыр. Себебі мұнда корольдіктің байлығын әлеуметке әділ түрле үлестіру мен демократиялық жүйенің дамуы шынайы жүзеге аса бастаған.

Ал Египет сияқты елдерде «араб көктемі» қыстың көңілсіз наразылығына ұласты. Сондықтан алдағы суықтан диктаторлар емес, монархтар ғана аман-есен шығуы мүмкін деп қорытындылайды ойын Daily Telegraph тілшісі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG