Accessibility links

Бас прокуратура: «Тараздағы терактіге қатысты 6 күдікті ұсталды»


Терактіде қаза тапқан адамның денесі. Тараз, 12 қараша 2011 жыл.
Терактіде қаза тапқан адамның денесі. Тараз, 12 қараша 2011 жыл.
Тараздағы терактілерге қатысы бар деген күдікпен алты адам ұсталды деп хабарлады сәрсенбі күні бас прокуратураның өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Нұрдәулет Сүйіндіков ұсталғандардың арасында осы жылдың басында құрылған қылмыстық топтың діни жетекшісі бар екенін айтты. "Топ дүкендерге, банктер мен ақша айырбастау орындарына қарақшылық шабуыл жасап, тонауды жоспарлаған. Олардың бұған дейін де бірнеше қылмыстық іске қатысы барлығы дәлелденді",- дейді ол.

Оның айтуынша, қылмыстық топтың жетекшісі "діни идеяларды жамылып, өзін рухани жетекші етіп көрсеткен және топ мүшелеріне ислам мемлекетін құру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерін өлтіріп, жиһад жасауға үгіттеген".

"Қазір ұйымдасқан қылмыстық топтың Қазақстандағы қылмыстық топтармен және сырт елдердегі ұйымдармен байланысы бар-жоғы жөнінде мәлімет жоқ",- деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Бас прокуратураның мәліметінше, жарылысты жасаған Мақсат Қариев гранатометті осы топтың өзге мүшесінен алған. Қазір гранатометтің қылмыстық топтың қолына қайдан түскендігі анықталып жатыр.

12 қарашада Таразда терактілер болып, соның салдарынан 5 полицей мен 2 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG