Accessibility links

«Орыс көктемі» басталды


Болотная алаңындағы парламент сайлауына наразылық таныту митингісіне шыққан жұрт. Мәскеу, 10 желтоқсан 2011 жыл

Болотная алаңындағы парламент сайлауына наразылық таныту митингісіне шыққан жұрт. Мәскеу, 10 желтоқсан 2011 жыл

Wall Street Journal басылымы Путин режимі легитимділіктен біржола айрылды, тек қаржылық мүддесінің күштілігінен ғана биліктен айрылмай ілініп тұр деп санайды.


АҚШ-тың Wall Street Journal («Уолл Стрит Джорнал») басылымында желтоқсанның 14-і күні ресейлік қоғамдық белсенді Андрей Пионтковскийдің Ресейдегі қазіргі саяси ахуалды сараптаған мақаласы жарық көрді. Ресей тарихының тұрақты түрде қайталанып тұратын ерекшелігі бар. Ресейдегі барлық билік режимдері сырттан болған шабуылдан, не болмаса кенеттен келген апаттан емес, өздерінің іштей іріп-шіруінен құрдымға кетті. Жиырмасыншы ғасырда мұндай оқиға екі рет қайталанды: 1917 жылы Ақпан төңкерісі және Михаил Гарбачевтың «қайта құруы» ресейлік билікті өзгерткен болатын деп баға береді мақала авторы.
Ресейдегі барлық билік режимдері сырттан болған шабуылдан, не болмаса кенеттен келген апаттан емес, өздерінің іштей іріп-шіруінен құрдымға кетті.

Оның айтуынша, Путин режимінің бұл жолы да ақырындап құлап бара жатқаны заңды құбылыс. Ресей билігі Путин он жыл тақта отырғанда «тамаша істер атқарылды» деп қайталай береді. Бірақ, бұл жалған ақпарат оппозициялық вебсайттарды ғана емес, бейтараптау БАҚ-ты да мезі қылды. Ақырында осы көзбояушылықтың бәрі көпшіліктің билікке деген сенім, құрметін жойып, олардың Мәскеу көшелерінде шеруге шығуына түрткі болды деп санайды ресейлік автор.

«ЖЕКЕМЕНШІК КОНСТИТУЦИЯ»

Ресейлік қоғамдық белсенді биылғы жылдың өзінде бұқара халық пен элитаның қазіргі режимінен көңілі қалып, ашынуына екі оқиға қатты әсер етті деп пайымдайды. Конституция тыйым салса да, президент Медведев ұялмастан Владимир Путинді үшінші рет президент сайлауына өткізді. Биліктің бұл әрекеті біраз елдің ашуына тиді. Тіпті ең төзімді деген адамдардың өзі олардың президенттік қызметті өздерінің жекеменшік иелігіне ауыстырып ойнағандары, конституцияны мазақ қылғандары деп айта бастады деп жазады ол.
Бұл оқиғалар Путин билігінің заңсыздығын айқындай түсті. Тіпті қарапайым бұқара халықтың өзі биліктің бұл әрекетін мысқылдайтын болды.

Ал екінші оқиға, 4 желтоқсанда өткен парламент сайлауында саяси тоқыраған билік жүйесінің әділдікті белден басқаны болды. Тәуелсіз бақылаушылар билікте отырған «Единая Россия» партиясының пайдасына жоқ дегенде 15-20 пайыз дауысты жалған жолмен алып берді берді деп айтып отыр. Белден басу жұмыстары сайлау науқаны басталмай жатып-ақ жүріп жатқан. Оған дәлел ретінде мақала авторы оппозициялық тоғыз партияның сайлауға түсуіне режим тарапынан тыйым салынғанын келтіреді.

Автордың ойынша, осы оқиғалар шындап келгенде Владимир Путин билігінің заңсыздығын айқындай түсті. Тіпті қарапайым бұқара халықтың өзі биліктің бұл әрекетін мысқылдайтын болды. Наурыздың 4-інде өтетін президент сайлауында Путин тағы да «тамаша жеңіске» жететін болса, онда осы «жеңістің» өзі-ақ режимнің құлауына бірінші себеп деп болжайды ол.

«ОРЫСТЫҢ МҮБӘРӘГІ»

Мақалада Ресейдегі қазіргі болып жатқан толқулар «Араб көктемімен» салыстырылған. Египеттің бұрынғы президенті Мүбәрәк сияқты Путин де өз халқының жүрегіне жол таба алмады. Оған дәлел - кешегі Мәскеу көшесінде шеруге шыққан 60 мың наразы халық. Толқыған жастар қазіргі режимнің қол астында болашағы бұлыңғыр деп есептейді. Мұндай бұлқыныстан соң Ресей қоғамы өзгермей қоймайды. Кешегі қарсылық акцияларын либералдар ұйымдастырса да, олардың саптарына әртүрлі әлеуметтік топтар өз еріктерімен барып қосылды. Осының өзі ресейліктердің саяси санасының жаңғырып, бұл елде өркениетті қоғамның бүршік жара бастағанының көрінісі деп санайды автор.
Кешегі қарсылық акцияларын либералдар ұйымдастырса да, олардың саптарына әртүрлі әлеуметтік топтар өз еріктерімен барып қосылды.

Пионтковскийдің ойынша, Ресейдегі бұл толқынды енді тоқтату мүмкін емес. Себебі орыс халқының көпшілігі Ресей экономикасының шынайы нарықтық экономика жүйесінен әлдеқайда алшақтап кеткенін біліп отыр. Жекеменшік құқығы туралы заңдар да солқылдақ. Жекеменшік жеріңді, не баспанаңды билік өзінің көңіл-күйіне қарай қаласа сыйлап, қаламаса оп-оңай тартып алады.

«ПОЙЫЗДАН СЕКІРІП ТҮСУГЕ ТЫМ КЕШ»

Қоғамды жіті бақылап отырған қауіпсіздік қызметі қанша жерден жақсы жұмыс істесе де, олар тұрақты, бейбіт тұрмыстың кепілі бола алмай жатыр. 1991 жылы совет үкіметі құлағанда да, дәл осылай болған. Ол кездегі КГБ-ның шамадан тыс тамыр жайып кетуі, одақтың тезірек құлауына әкеп соғып еді деп еске алады автор.
Егер біз биліктен айрылып, билікке басқа команда келетін болса, олар бізді тұтқындап, шетімізден соттайды.

Мақаласында автор Кремльдегі бір аты-жөні жазылмаған саясаткердің пікірін келтіреді. Кремльдегі идеологтардың біреуі ағынан жарылып, тілшіге: «Ақиқатын айтқанда, біз елде не боп жатқанын жақсы білеміз. Бірақ, жүйткіп бара жатқан пойыздан секіріп түсуге енді тым кеш. Егер біз биліктен айрылып, билікке басқа команда келетін болса, олар бізді тұтқындап, шетімізден соттайды. Осы ескі сарынмен кете бергеннен басқа бізге басқа жол жоқ» деген.

СОВЕТТІК РИТОРИКАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Ресей билігі осы режимді сақтап қалу үшін енді соңғы амалдарға көшпекші деп жалғастырады ойын сарапшы. Олар енді халықты НАТО-мен, Батыспен, не болмаса АҚШ-пен қорқытып ұстамақшы. Тіпті Путиннің өзі өткенде «менің биліктен кетуімді қалап отырғандар бұл нұсқауларды тікелей АҚШ үкіметінен алады, оларды Америка қаржыландырып отыр» десе, Медведев те осы пікірді нықтап, АҚШ-тың есіл-дерті Ресейді атом қаруынан айырып тыну деді.

Ресей қарулы күштері бас штабының жетекшісі Николай Макаров та өткен айда берген бір сұқбатында: «Балтық елдері мен Грузияның Ресейге қарсы ұстанып отырған саясаты болашақта атом қаруын қолдануға мәжбүрлейтін аймақтық соғысқа әкеп соғуы мүмкін» деген болатын.
Путин: Менің биліктен кетуімді қалап отырғандар бұл нұсқауларды тікелей АҚШ үкіметінен алады, оларды Америка қаржыландырып отыр.

Бүкіл елді «Батыстан төнген қатермен» қорқыту шындап келгенде биліктің өзі үшін ғана пайдалы. Алайда Путинның айналасындағы жемқорлар басқа бір қауіптен сескеніп отыр. Ол – жемқорлардың батыс елдерінде жасырып отырған жылжымайтын мүліктері мен шетелдік банктердегі миллиондаған қаржысы деген пікір білдіреді сарапшы.

Автор Путин режимінің құлауы елді қиындыққа душар етуі мүмкін деп есептейтін адамдардың да бар екенін айтады. Бірақ, мына режимнің сақталып қалуы болашақ үшін әлдеқайда қорқынышты. Керісінше, Путиннің биліктен кетуі құруға айналған Ресейді аман алып қалудың жалғыз жолы деп біледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG