Accessibility links

«Мәңгі тұрмайтын Нұрсұлтан»


Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші қасында суретке түсіп жатқан жұрт. Алматы, 11 қараша 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші қасында суретке түсіп жатқан жұрт. Алматы, 11 қараша 2011 жыл

Қазақстан президентінің денсаулығы сыр берді деп жазады The Economist журналы «Мәңгі тұрмайтын Нұрсұлтан» атты мақаласында. Тақтың келесі иегері әлі анықталған жоқ. Ал биліктен дәмелі кландар болса саяси қитұрқы ойындарын бастап жіберді деп пайымдайды басылым.


Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлау шаралары Қазақстаның жаңа астанасы Астана қаласына да келіп жетті деп жазады The Economist («Экономист») басылымы желтоқсанның 16- сы күні. Мақала 16 миллион халқы бар, мұнайлы мемлекеттің мақтануға тұрарлық жетістіктерін таратып айтумен басталады. Атап айтқанда, экономиканың жалпы жылдық өсімі соңғы он жылда 8 пайызға артып, қазір бұл СССР-дан бөлінген елдердің ішінде ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Әр адамның басына шаққанда жылдық табыс орташа есеппен 11 мың АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш Түркіменстаннан екі есе, Өзбекстаннан алты есе артық деп жазады мақала авторы.

1991 жылы Қазақстанда жағдай дәл осылай өзгереді деп ешкім ойлаған жоқ еді деп ойын жалғайды автор. Ол кезде сыртқы әлем ауылшарушылығы әбден орныққан, өнеркәсібі де біршама дамыған Өзбекстан алға шығады деп топшылаған болатын. Қазақстан ол кезде жері тым үлкен, игеруге қолайсыз, алыстағы ауыл-аймақтарды бір жерге жинақтаудан қиындық шегіп жатыр еді деп жазады журнал.

Сол кезде өзбек президенті Ислам Каримов Өзбекстан шекарасын асқан сақтықпен ашқан болса, Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеде озық шықты. Ол ә дегеннен-ақ шетелдік инвесторларды еліне шақырып, еркін нарық экономикасын ендіріп жіберді. Жігерлі жастардың шетелге барып білім алуына жол ашты. Президент Назарбаев әр түрлі этникалық топтарды да бір-бірімен жанжалдастырмай, ұлтаралық қақтығыстың алдын алды. Исламшыл экстремистерді де еркіне жіберген жоқ еді. Атом бомбасын сынайтын полигонды жаптырып, әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартты деп басталады мақаланың әлқиссасы.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАНДЫ ЖЕРЛЕРІ»

Қазақстан қазірдің өзінде әлемдегі уран өндіретін ең ірі елдердің бірі. Каспий теңізіндегі Қашаған кеніші іске қосылса, Қазақстан әлемдегі мұнай өндіруші алдыңғы 10 мемлекеттің біріне айналмақ. Солай болса да, бұл елдің жетістігі қанша көп болса, кемшіліктері де соған сәйкес деп автор Қазақстанның проблемаларына арнайы тоқталады.

Қазақстанда адам құқықтарын қорғау өте нашар дамыған. Президент Назарбаев өз елінде өте беделді тұлға болғанына қарамастан, сайлау кезінде көзбояшылық белең алады. БАҚ болса оның жеке басының культын қалыптастырып жатыр. Қуатты экономика тізгінін президенттің шағын әулеті мен саусақпен санарлық олигархтар уысында ұстап отыр деп жазады басылым. Оған дәлел ретінде сарапшы мынадай дәйек келтіреді. Елдегі ең бай, тәуелсіз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы - президенттің туған күйеу баласы Тимур Құлыбаев.

Одан бөлек елді сыбайлас-жемқорлық әбден жайлап, заңның бұрмалануы әдетке айналды. Билік басындағы қызметкерлер, әсіресе, жиі-жиі шетелдік инвесторларға тізесін батыра бастады. Қазір жемқорлықтан Қазақстан әлем бойынша алдыңғы орынға шықты. Қоғамдық ашықтық пен айқындылық жағынан бұл ел қазір Тунис пен Египеттен те төмен тұр деп баға береді басылым.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелдік инвесторлар өздеріне тым пайдалы келісім-шарттар жасап алған» деген желеумен Қазақстан үкіметі өте үлкен энергетикалық жобаларға да араласа бастады. Екі жыл тартысып жүріп, Қазақстан жағы Қарашығанақ мұнай кенішінен 10 пайыз үлес иеленуге қол жеткізді.

ИМИДЖ ҚҰМАРЛЫҚ

Мақала авторының жазуынша, президент Назарбаев бұл күндері өз елінде әртүрлі халықаралық конференциялар, көрмелер мен жиналыстар өткізуге шамадан тыс құмар боп алды. Өзі әділетсіз сайлау өткізетін Қазақстанның былтырғы ең көрнекті жеңісі ОБСЕ-нің демократия мен әділ сайлауға арналған халықаралық саммитіне төрағалық жасағаны болды. Қол-күрестен өтетін 33-ші әлем чемпионаты сияқты бәсекелерді де Алматыда өткізуге өлермендікпен күш салынғаны мысқылмен аталып өтеді.

Батыстағы лоббилерге шашылған мұншама миға сыймайтын қыруар қаржы, Қазақстанның әлем алдындағы бейнесін біршама сомдады. Бұл ел екі бүйірінен қысып тұрған екі алып көршісі Ресей мен Қытайдың, қала берді Батыстың ортасында жап-жақсы тепе-теңдік ұстап тұр. Бірақ, сонда да Назарбаев өзінің Орталық Азиядағы бірден-бір аймақтық саяси жетекші болғысы келетін амбициясынан әлі арыла алмады деп жазады сарапшы.

Бірақ осының бәрі әлі де болса Қазақстанның көршілерінің төбесінен қарауына жеткіліксіз боп жатыр деп жазады басылым. Президент кеңесшілерінің біреуі авторға өзінің соңғы жылдары «Челси» командасының ойынын Лондонға барып бірнеше мәрте тамашалағанын, ал Өзбекстанның астанасы Ташкентте 20 жылда бір-ақ рет болғанын бөсіңкіреп айтыпты. Алайда көршілері Қазақстанды жылтырақ пен мақтанға үйір деп есептейді. Ислам Каримов өзінің әріптесін онша жақтырмайды да деп жазады басылым.

ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН РЕЖИМ ҚАТАР СЫР БЕРДІ

Мақала авторы қазақ президентінің өзін тынышсыз аймақтағы бейбітшіліктің тірегі ретінде сезінгісі келетінін жазады. Жалпы жұрттың талқысына түспей көңілді мазалып тұрған бір сұрақ дейді ол мақаласында. Биыл 71 жастан асқан қазақ президенті, жазда рактан емделу үшін Германияға барып емделіп қайтты. Тақ мұрагерінің белгісіз болуы елдегі саяси ахуалға әсер етіп жатыр. Жақында парламент сайлауын уақытынан бұрын өткізу туралы шешім қабылданды. Осы сайлаудан соң президент денсаулығын түзеп алуға аттанатын сыңайлы деп болжам жасайды автор.

Бұл жолы Қазақстан билігі бір ғана партиядан тұратын парламентке шартты түрде оппозициялық партия кіргізбекші. Алайда ол партияның өзін президенттің күйеу баласы Құлыбаев қадағалап отыр. Кей кездері оны болашақ премьерлікке лайық деп мақтаса, енді бірде оны тақтың келесі мұрагері деп те айтады. Күйеу бала өзін саяси қайраткер ретінде көрсеткісі келген емес. Әйтсе де, егер ол билікке ұмтылатын болса, президент әулетінің ен байлығын сақтап қалудан басқа мақсаты жоқ деп пайымдайды басылым тілшісі.

Сарапшының ойынша Қазақстандағы бұл жолғы парламент сайлауы бұрынғыдай тып-тыныш өтпейтін сияқты. Соңғы бірнеше айда орын алған атыстар мен елдің әр аймағында жарылған бомбалар талай адамды елең еткізді. Биліктегілер бұл істерге «террористер» кінәлі десе, енді біреулері бар кінәні бандиттік топтарға жабады. Ақиқаты анық емес. Билікті аңсап отырған әр түрлі кландар саяси сахнаны бермес үшін қитұрқы саяси ойындарын бастап та жіберуі мүмкін деген болжам жасайды ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG