Accessibility links

Жаңаөзенде қаза болғандардың саны 13-ке жетті


Қазақстанның бас прокуратурасы бүгін Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік барысындағы полициямен қақтығыста қаза болғандар жөнінде жаңа мәліметтер жариялады.

Соңғы деректерге қарағанда, Жаңаөзендегі оқиғалар салдарынан 13 адам мерт болып, 86 кісі жарақат алды деп мәлімдеді бүгін Астанада бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, бұл адамдардың барлығы бірдей полицияның қимыл-әрекеті салдарынан қаза болмаған немесе жарақат алмаған. Олардың кейбіреуі басбұзарлардың ісінен опат болды деп мәлімдеген бас прокуратураның ресми өкілі.

Жаңаөзенде кешеден бері төтенше жағдай енгізілген. Бүгін таңертеңге дейін коменданттық сағат талаптарын бұзды деген айыппен 60 адам тұтқындалған, олардың арасында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, қарақшылық жасаған деген күдікке ілінгендер бар деп мәлімдейді бас прокуратура.

Сондай-ақ прокуратура соңғы тәуліктерде Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының ғимаратын басып алу әрекеті, сондай-ақ жекелеген қарақшылық қимылдарының алды алынды деп хабарлады.

Бұл деректерді бас прокуратурадан тыс тәуелсіз бұлақтардан растау мүмкін болмай отыр. Жаңаөзен қаласы телефон және интернет байланысынан ажыратылған, журналистерді ол жаққа жібермей жатыр. Полициямен қарулы қақтығыс болып, бір адам опат болған Маңғыстау облысындағы Шетпе станциясынан да шынайы ақпараттар жоқтың қасы. Ол аймаққа барған қазақстандық және батыстық журналистердің шағын тобына полиция кедергі келтіріп бағуда.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG