Accessibility links

Прокуратура Шетпедегі қақтығыстың жаңа деректерін жариялады


Қазақстан бас прокуратурасы бүгін Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы Шетпе станциясында сенбі күні полиция мен темір жолды бөгеген топтың арасында болған қақтығысқа қатысты жаңа мәліметтерді жария етті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 желтоқсан күні Шетпе станциясында бір топ адам «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар поезының қозғалысына тосқауыл қойған болатын.

Мұның сыртында оқиға орнына мемлекеттік нөмері жоқ УАЗ автокөлігі бірнеше мәрте келіп, ондағы белгісіз адамдар құқық қорғау орындарының қызметкерлеріне қарата оқ жаудырған деп мәлімдеді Астанада бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Осы шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының 5 қызметкері жарақат алды дейді прокуратура. Бұл қақтығыстар 17 желтоқсан күні кешке қарай болды.

Әрі қарай ресми хабарламада «бұзақылардың қимыл-әрекеттері бейбіт тұрғындар мен құқық органдары қызметкерлерінің өздерінің өміріне қауіп төндірген соң, полиция бірнеше мәрте ескерту ретінде оқ атты, ақырында қару қолдануға мәжбүр болды» делінген.

Сондай-ақ ресми хабарламада «оқ негізінен ауаға қаратып және бұзақы топтың аяқтарын көздеп атылғанын атап өту керек. Зардап шеккен 12 адамның 8-і аяқтарынан жараланғандар, 5-іне дәрігерлік көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді, 6 адам ауруханада, 1 кісі қаза болды» деп жазылған.

Алайда текетірес мұнымен біткен жоқ, «бұзақылық жасаушылар» Шетпе ауылындағы жаңа жылдық шыршаны өртеп, дүкендердің сөрелерін қиратты, көліктердің терезелерін сындырды» деп Бас прократура «бұзақылар» жасаған басқа да жайттарды сипаттаған.

Түнгі сағат 22-ден 20 минут өткенде Сай-Өтес станциясында жол жұмыскерлеріне шабуыл жасағандар 5 жұмысшыны байлап-матап тастап, темір жол құралдарын алып кетіп,соның көмегімен 180-ші шақырымда темір жолды істен шығарып тастады.

Қазіргі уақытта Шетпе ауылындағы жағдай тұрақталып, қоғамдық тәртіп пен станция арқылы өтетін поезд қозғалысы қалпына келтірілді деп қорытындылаған Қазақстан Бас прокуратурасы хабарламасын.
XS
SM
MD
LG