Accessibility links

Ақтауға жете алмай, Атырауға қайтып келдім


Ынтымақ алаңына жиналған қарапайым халық пен полиция. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Ынтымақ алаңына жиналған қарапайым халық пен полиция. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
«Ақ жайық» газетінің редакциялық тапсырмасын алып жолға шыққанмын. Бағытым – Ақтау жақ. Алдымен әуежайға қоңырау шалып едім, сол күні болған үш рейстің үшеуіне де билет жоқ екен.

Содан соң пойыз билетін сататын агенттіктерге қоңырау соға бастағанмын. Тұтқаның ар жағындағы қыз «бар, купелерге орын жетеді» деді. Бұл сағат таңертеңгі 11 шамасы еді.

Жиналып шыққанша 12 болып кеткен соң бірден вокзалға тарттым. Мен келгенде пойыз есігін жабуға 5 минут қалған. Жолсерік те келісе кетті. Мініп кеттім. Жолымның бола қойғанына қуанып, төсегімді реттеп, көз шырымын ала бергенім сол еді, әлгі «мейірімді екен» деп отырған жолсерігім алқынып келді. Түрі қашып кетіпті.

– Ойбай, түсуің керек, – деді.

– Неге? – деймін түкке түсінбей.

– Доссордан тексерушілер мінеді екен. Артық адам алуға болмайды.

– Тағы ақша қосайын.

– Болмайды, жұмыссыз қалам.

– Мақат үлкен станса ғой, тым құрымаса соған дейін жетейін.

– Оны мен де айттым, көнбей жатыр, «түсір» деді.

Амалсыз Доссордан түсіп қалдым. Пойызым тиісті 3 минут орнына 20 минут шамасында кідірді. Доссор темір жол станциясындағы кассирден «Мақат-Ақтау» деп билет сатасыз ба деп сұраған едім. Шамасы дегбірсізденіп, қатты мазасын алып жіберген болуым керек – ұрса жөнелді, тіпті ашуланып, мені «қоғамдық тәртіпті бұзып, жұмыс істеткізбей тұр» деп кезекші полицияны шақырды. Полицияға жауап беріп отыратыным көз алдыма елестеп, жым бола қойдым.

Кассир апайдың ашуы басылған соң кешірім сұрап жалына бастадым:

– Апа, бір билет сатасыз ба? Маңызды болып тұр, журналист едім, – деп, редакциялық тапсырмамды көрсеттім.

Кассир апай көзәйнегін киіп, қағазымды оқи бастады, тіпті, не үшін екенін білмеймін, көшірмесін де түсіріп алды. Содан соң «билет жоқ» деді.

Таң қалдым. Мен мінген купелік вагон жартылай бос еді. «Шешінген судан тайынбас» дедім іштей. Таксиге отырып, келесі станцияға – Мақатқа қарай тартым. Мақат пен Доссордың ортасы 40 шақырым. Мінген таксисім де біртүрлі адам екен. Өз-өзінен қобалжып, бір түсініксіз қоңыраулардан соң Доссордан 15 шақырым ұзай бере тоқтады да, «көлігім сынып қалды» деді.

Мәссаған! Далада боран ұйытқып соғып тұр. Қасымдағы екі жас жолаушы жігітпен бірігіп, трассаға тұрып қол көтере бастадық. Жарты сағат өте бір «УАЗ» тоқтап, алып кетті. Әрине, «Атырау-Маңғышлақ» пойызы бұл кезде ізін суытып та үлгерген еді.

Мақаттағы жас кассир қызға келіп, тағы жалына бастадым. «Билет бағасын үш есе төлеймін» дедім. Ол қарсылық білдірген жоқ. «Күтіңіз, әзірге билет жоқ. Егер болса, бірден сізге жазып берем» деді.

«Алматы-Маңғышлақ» пойызын күтіп отырмын. Кешкі сағат 18-де пойыз да келді-ау. Кассир қызым «жоқ» деді шарасыз кейіппен. Жолсеріктерді «сындырып» көрмек болдым. Бір әйел келісе кеткені. Пойызға міне бергенім сол еді, құлағына келіп сыбырлап жатқан бір жас жігітпен сөйлесіп алған ол «ойбай, түс» деді айқайлап.

– Апа не болды, жақсы төлеймін, – дедім.

– Болмайды! – деді.

– 30 мың теңге! – деймін.

Ол ойланып қалды, сосын жабырқаңқы дауыспен:

– Ала алмаймын, тапсырма солай, – деді.

Кейін касса маңында тұрған, осы пойыздан түскен әйелдер өздері мінген №15 вагонның мүлде бос екенін айтты.

Не істесем екен деп қоямын іштей. Мен үшін мазасызданған редактор орынбасары Виктория Ли қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. Маған қолдау білдіріп, «ары қарай кетуің керек не болса да» деп қояды. «Машиналарды біл,– деді. – Бірақ олар сені байқап апаратын болсын, ол жақтың жолы өте жаман әрі қыстыгүні қауіпті».

Ендігі ойым – Құлсары стансасына дейін барып ары қарай Бейнеу не бірден Шетпеге дейін такси жалдау болатын. Алайда таныс таксистер жолға тосқауыл қойылғанын айтты.

– Атыраудан шығармайды бәрібір. Босқа шығын боласыз. Ал жалпы барам деп қоймасаңыз, 100 мың теңгеге апаруға болады, бірақ полицейлермен өзіңіз разводить етесіз, – деді.

Телефон тұтқасын тастай салдым. Кешкі сағат 10-да такси ұстап Атырауға жеттім. Жаңағы таксистің сөзінің жаны бар секілді. Доссорға кіре бере, қайтар жолда полиция мен бетперде киіп, автомат арқалағандар көлігімізді тоқатты. Бетімізге фонарьларын түсіріп зерттей қарап алған соң, қоя берді, «күдік тудырмағанбыз ендеше» деп қоямын іштей.

Алайда Ақтау сапарынан бас тарта қоймадым. Ертесінде жиылып әуежайға келдім. Әдетте билет жоқ болса да, қосымша ақшасын төлесең, отырып кетуге болатын еді ұшаққа да...

Бірақ бұл күнгі екі рейске тағы билет жоқ екен. Оның үстіне мен сияқты «отырып кеткісі» келіп тұрғандар саны да көп көрінеді. «Скат» компаниясы өкілдігінің алды кісіден көрінбейді. Ары-бері сөйлесуден нәтиже шықпаған соң кетіп қалдым. Бірақ келесі күнге билет алдым – бар екен!
XS
SM
MD
LG