Accessibility links

Мұрагер


Тәжік журналисі Фаррух Ахроров салған карикатуралық сурет. Душанбе, 21 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

Тәжік журналисі Фаррух Ахроров салған карикатуралық сурет. Душанбе, 21 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

Кеше ауылдағы ініммен сөйлестім. Ауылдың басты жаңалығы ретінде мектепке директордың тағайындалғанын айтты. Ауылдағы өлім-жітім мен той- томалақтың екінші орынға түсіп, жаңа директордың басты жаңалыққа айналуының себебі жоқ емес. Өйткені ауыл мектебі бір жылдан бері директорcыз жұмыс істеп келе жатқан болатын.

Мектепті соңғы жиырма жыл бойы үздіксіз басқарып келген директор созылмалы науқастан өткен жылдың қарашасында қаза болып еді. Марқұмды қара жер қойнына тапсыра салысымен ауыл мектебінің үкілі үміткерлері орынтаққа таласып, екі жүз шақырымдағы аудан орталығына үздіксіз шапқылады. Бірнеше мәрте байқау да жарияланды. Бірақ ешкім өтпеді. Қара кресло қарайып бос тұрды.

Сонан кейін менің ауылдастарым үнсіз бір-бірін арбады. Қарайып жылға жуық уақыт тұрған креслоға ешкімді жібергілері жоқ. Сөйтсе....

Айтпақшы, марқұм директордың жалғыз ұлы бар еді. Ауылдан тысқары, басқа бір облыста оққағар болып жүретін. Әкесін жер қойнына тапсырарда бір көрдік. Сонан кейін ауылға ат ізін салмай кеткен болатын. Менің інімнің басты жаңалығы да осы екен. Мектепке су жаңа директор болып сол келіпті.

Інім айтады: «Марқұм директор өлер алдындағы мұрагерлік хатында ұлын өз орнына тағайындауды жазып кетіпті», – деп.

Мен ойладым: «Айдаладағы ауыл мектебінің басшысы мынаны істегенде, елбасыға өкпе жоқ екен», – деп...
XS
SM
MD
LG