Accessibility links

CPJ: Қазақстан цензураны жоюы тиіс


Халықаралық журналистерді қорғау комитетінің белгісі.

Халықаралық журналистерді қорғау комитетінің белгісі.

Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігін Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларға қатысты жан-жақты хабар таратуға кедергі жасап отыр деп хабарлады.

Комитеттің айтуынша, билік Жаңаөзендегі оқиғалардің ізін ала телефон және интернет байланысын үзіп, жергілікті бірнеше тәуелсіз ақпарат құралдарының веб-сайттарын, Twitter әлеуметтік желісін ажыратып тастаған. "Twitter" желісі жексенбіде қайта іске қосылды, бірақ "Республика" ақпараттық порталы мен "оппозициялық "К-Плюс" телеарнасының веб-саттары ашылмай тұр" дейді комитет.

"Ақпарат құралдарының наразылық танытушылардың қазасы жайлы тек ақпарат таратуға ғана емес, сондай-ақ оны тергеуге де хақы бар. Қазақстан билігі бұрын да ақпарат құралдарына шектеу қойып келгені белгілі. Бұл әрекет тоқтатылуы тиіс. Журналистер мұндай маңызды оқиғалар жайында еркін хабар тарату керек" дейді комитет директорының орынбасары Роберт Махони.

Комитетке хабарласқан "Республика" порталының тілшісі Анастасия Новикова "журналистерді қорғайды" деген себеппен ертіп жүрген полиция журналистерге керісінше оқиға жайлы ақпарат жинауға, куәгерлерімен сөйлесуге кедергі келтіріп жүргенін растаған.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 14 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG