Accessibility links

Қоғамдық комиссияны Жетібайға жібермеді


"Азат" ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 20 желтоқсан 2011 жыл.

"Азат" ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 20 желтоқсан 2011 жыл.

Бүгін Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларды тергеу бойынша құрылған қоғамдық тәуелсіз комиссия өкілдері Жаңаөзенге бара алмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Комиссия өкілі Әміржан Қосановтың айтуынша, бүгін таңертең олар облыс әкімшілігінен Жаңаөзен қаласына баруға рұқсат алған. Алайда, комиссия өкілдері Жетібайда жаңаөзендік мұнайшыларды қолдаған акция өтіп жатыр деген хабарды естіп, сол ауылға бармақ болады. Жетібайға кетіп бара жатқан жолда комиссия мүшелері мінген көлікті жол полициясы тоқтатып, жүргізушінің құжатын алып алған. Әміржан Қосановтың сөзінше, жол полициясы оларды Ақтауға кері қайтуға мәжбүрлеген.

Кеше Алматыда баспасөз жиынын өткізген "Азат" ЖСДП-ның өкілдері Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов, тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов, "Gulgan.org" сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, "Руханият" партиясының мүшесі Мұхтар Тайжан Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларды тергеумен айналысатын қоғамдық тәуелсіз комиссия құрды.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 14 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG