Accessibility links

Мұнайшылар толқуы тұрақсыздықтың шетін көрсетті


Жаңаөзен қаласындағы полиция жасағы. 18 желтоқсан 2011 жыл
Жаңаөзен қаласындағы полиция жасағы. 18 желтоқсан 2011 жыл

Қазақстанда исламшылдар шабуылының жандануы мен аймақтағы экономикалық ахуалдың нашарлай түсуі болашақта тағы да басқа толқуларды туғызуы мүмкін. Наразы халық пен әсіре діншілдер тек қана билікке қарсы әрекет етеді деп жазады «Стрэтфор» ұйымы желтоқсанның 19-ы.


Сарапшылар 2011 жылы Қазақстанда «қылмыстық топтарға», не болмаса «исламшылдарға» қатысты бар деп сипатталған шабуылдар мен қақтығыстардың жиі қайталанып жатқанын еске салады. Ал желтоқсанның 16-18 аралағында болған толқу жағдайды шиеленістіре түсуі мүмкін деп санайды Stratfor («Стрэтфор») сарапшылары. Әсіресе, мұнайшылардың наразылығы мен билікке қарсы халықтың және исламшылдардың мүддесі тоғыса қалса, ахуал бұдан да нашарлайды деп болжайды Stratfor.

Сарапшылар жұмысшылардың жаздан бері алаңда бейбіт түрде ереуілдеп жатқанын және оларға құқық қорғау органдарының бірінші рет шамадан тыс қатігез күш қолданғанын және жұмысшылардың да бірінші рет жаппай қиратуға көшкенін баса көрсетеді.

ШЕТПЕДЕГІ ШЕКІС

Құқық қорғау органдарымен теке-тірес Жаңаөзеннің жанындағы Шетпе станциясында да болған деп жазады Stratfor. Шамамен 300-дей адам темір жолды бөгеп, жолаушылар пойыздарын жүргізбей тастаған. Бұл жерде де халық полициямен қақтығысып, бір адам қаза болып, 11 адам жараланды. Осы оқиғаның артынша желтоқсанның 18-і күні Ақтау қаласында 500-ге жуық мұнайшы бейбіт шеруге шықты. Келесі күні Жаңаөзендегі мұнайшыларды қолдаған Ақтаудағы халықтың саны екі мыңнан асып кетті дейді шетелдік сарапшылар.

Қазақстан билігі бұл оқиғаға байланысты бірден қатаң шара қолдана бастады. Үкімет Жаңаөзен қаласына баратын барлық жолдарды жауып, байланыстың барлық түрін ажыратып тастаған. Сарапшылардың пайымдауынша қазақ үкіметі ереуілдің толқыны елдің басқа да аймақтарына тарап кетпесін деп қауіптеніп отыр. Соның өзінде, өте аз көлемде болса да Алматы мен Астана қаласында ереуілшілерді қолдаушылардың табылғаны да Stratfor-дың назарынан тыс қалмаған.

"ДЖУНД ӘЛ-ХАЛИФАТ" ФАКТОРЫ

Stratfor мамандары мұнайшыларға айрықша қолдау көрсеткен «Джунд әл-Халифа» тобына арнайы тоқталады. Соңғы жарты жылдан бері интернет арқылы мәлімдеме жасап келген «Джунд әл-Халифат» исламшылдар тобы Қазақстанда болған барлық террорлық актілерді «біз ұйымдастырдық» деп мойындарына алып келеді. Бұл жолы да олар Shamikh Al Islam вебсайты арқылы Жаңаөзендегі жұмысшыларды қолдайтындарын ашық білдірген. Сайттағы бейнематериалда топтың бір мүшесі мұнайшыларды Назарбаев үкіметіне қарсы тоқтамай күресе беруге шақырып, «Назарбаевтың бар көздеген мақсаты қазақ құндылықтарын жою» деп дауыстайды. Діни топ мүшелері сонымен қатар Қазақстандағы дін туралы заңды өзгертуге үндеген.

Сарапшылар «Джунд әл-Халифат» пен мұнайшылардың арасындағы байланысты айғақтайтын дәлел жоқ дейді. Бірақ, исламшылдар осы оқиғаны пайдаланып, елдегі радикал діншілдерді де толқуға көптеп тарту арқылы ықпалдарын күшейтіп алуды көздейтін сияқты деп болжам жасайды Stratfor.

Қазақстанда 2011 жылы ірі-ірі бірнеше теракті болды. Үкімет басшылары бірінші рет ресми түрде мамыр айында өзін-өзі жарып жіберген жанкешті туралы мәлімдеді. Одан бері бірінен соң бірі қайталанып жатқан мұндай жанкештілік әрекеттер Қазақстан үшін бірқатар ішкі проблемалар туғызды. Қалай болғанда да алдағы екі-үш аптада мұнайшылар мәселесі бір жағына шығу керек. Қазақстан қоғамын толқытқан бұл ереуілді үкімет басшылары тағы да қатігездікпен жаншып тастайды, не болмаса мұнайшылармен келісіп оң шешімін табады.

Сарапшылар қазақ билігінің ендігі төрелігі де мұнайшылардың пайдасына шешілеріне күмәнмен қарайды. Елдің өзге аймақтарындағы экономикалық ахуалдың нашарлауы осы бетімен кете беретін болса, Назарбаев үкіметі әлі талай шиленіскен проблемаға ұрынады. Биліктің өз халқына деген немқұрайды қарым-қатынасы, ел ішінде өршіп бара жатқан әсіре діншілдер әрекеті, «Джунд әл-Халифаттың» ереуілшілерді жария түрде қолдап, қарсы шығуға үндеуі бұл елге болашақта бұдан әлдеқайда зор қауіп пен қатер төндіргелі тұр деп тұжырымдайды ұйым мамандары.
XS
SM
MD
LG