Accessibility links

Татар ұлтшылы универсиадаға байкот жариялады


Химик ғалым, саясаткер Вил Мирзаянов.
Химик ғалым, саясаткер Вил Мирзаянов.
Белгілі татар ұлтшылы Вил Мирзаянов 2013 жылы Қазанда өтетін студенттердің халықаралық универсиада ойындарына байкот жариялауға шақырды. АҚШ-та тұратын 75 жастағы химик ғалым, саясаткер Мирзаянов мұны Қазанда 10 желтоқсанда татар жастарының "заңсыз тұтқындалуына халықаралық деңгейде қарсылық блдіру" ретінде түсіндіреді.

10 желтоқсанда Қазанда жүздеген белсенді жас Ресейдегі парламент сайлауының әділетсіз өткеніне наразылық білдіріп, көшеге шыққан болатын. Полиция көпшілігі студент 100 шақты наразылық танытушыны тұтқындап әкеткен.

Вил Мирзаянов өзінің ресми мәлімдемесін Австралия, Канада, Чехия, Ұлыбритания, Германия және өзге бірқатар елдердегі ұйымдара жіберген.

Татар ұлтшылы Ресей федерациясының құрамына кіретін Татарстанды Солтүстік Корй мемлекетіне теңеп, демократиялық құндылықтар мен еркіндік жоқ жерде универсиада сияқты халықаралық шаралар өткізілмеуі керек деп санайды.

Ол өзінің ұстанымы берік екенін және "отаршыл билік басқаратын Татарстанда" мұндай оқиғаларды өткізбеуге бар күш салатынын айтады.

Вил Мирзаянов кезінде Ресейдің құпия химиялық қару жасайтын зертханасында ғылыми қызметкер болып, 1991-1992 жылдары Ресейдің жаңа химиялық қару жасағалы жатқаны турасында мақалалар жазған болатын. Ол кейіннен "мемлекеттік құпияларды жариялады" деп тұтқындалып, артынан халықаралық қауымдастықтың қысымымен босатылған.

1996 жылы Мирзаянов Ресейді тастап АҚШ-қа кетеді. Соңғы кездері Татарстанның тәуелсіз болуын жақтайтын қозғалыстарға белсене араласып жүр.
XS
SM
MD
LG