Accessibility links

Мұнайшылар бұрынғы жұмысына алуды талап етеді


"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілдген мұнайшылары үкіметтің өздерін басқа өңірлерге жұмысқа жіберу ұсынысына келіспейтіндіктерін білдіретін хатқа қол қойып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілдген мұнайшылары үкіметтің өздерін басқа өңірлерге жұмысқа жіберу ұсынысына келіспейтіндіктерін білдіретін хатқа қол қойып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Ақтауда «Қаражанбасмұнай» компаниясы кеңсесінің алдына 500-ге жуық мұнайшы жиналып тұр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Өздерін компания «заңсыз жұмыстан шығарды» деп санайтын мұнайшылар кеше Ақтауға келген президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бүгін кездесіп қаламыз ба деп жиналған.

Бірақ олар бүгін түскі сағат екіде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының жаңадан тағайындалған басшысы Ләззат Қиыновтың мұнайшылармен кездесіп, еңбек дауына бір нүкте қоюы мүмкін екендігін естігендерін айтады.

Азаттық тілшісі сөйлескен «Қаражанбасмұнай» компаниясының мұнайшысы Аманғали Балмырзаұлы компания басшылығының бұрынғыдай 30 адаммен емес, енді компанияның бүкіл жұмысшысымен кездесуі керек деп санайды.

Мұнайшылар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің атына өздеріне Қазақстанның басқа өңірлерінен ұсынылған жұмыстарға баруға үзілді-кесілді қарсы екендігін білдіріп, хат жолдағалы жатқандарын айтты. Мұнайшылар министрліктен тек өздерінің бұрынғы жұмыс орындарына қайта алуды талап етеді.

20 желтоқсанда үкіметтік комиссия төрағасы Өмірзақ Шүкеев жұмыстан босатылған мұнайшыларға Қазақстанның басқа өңірлерінен мұнай-газ және тау-кен саласындағы компанияларға жалақысы бұрынғыдан 80-90 пайызға артық жұмысқа тұру туралы ұсыныс айтқан болатын. Ал кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған барлық себепті анықтап, оны жою жөніндегі ұсыныстарды екі апта мерзімде енгізуді тапсырды.

Мамыр айынан бері Жаңаөзен мен Ақтауда мұнайшылар жалақыларын көтеруді талап етіп, ереуіл өткізіп келеді.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG