Accessibility links

Бішкекте Жаңаөзен құрбандарын еске алды


Бішкектегі Қазақстан елшілігі ғимаратының алды. Көрнекі сурет.
Бішкектегі Қазақстан елшілігі ғимаратының алды. Көрнекі сурет.
Бүгін Бішкекте Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің алдында желтоқсанның 16-сында Жаңаөзендегі оқиғаларда қаза тапқандарды еске алуға арналған акция өтті деп хабарлайды Қырғызстанның knews ақпарат агенттігі.

Акцияны ұйымдастырушы қырғызстандық Асхат Дүкенбаев акция адам өміріне ең құнды екендігін ескерту үшін өткізіліп отыр деген агенттікке. "Бүгін Жаңаөзендегі оқиғалардың орын алғанына жеті күн болды. Сондықтан Қазақстандағы бауырлас халыққа көңіл айту ниетімен осы акцияны өткізіп отырмыз. Бізді Қазақстан билігінің осы күнге дейін мемлекеттік деңгейде қаралы күн жарияламағаны таң қалдырып отыр" дейді Асхат Дүкенбаев.

Еске алу шарасында қатысушылар 16 желтоқсанда қаза тапқандардың тізімін оқып, бір минут үнсіздік жариялаған. Артынан елшілік ғимаратының қақпасына гүл қойып, Қазақстан президентінен мемлекеттік қаралы күн жариялауға шақырған плакаттар іліп кеткен.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді.

Ал бұдан екі күн бұрын Жаңаөзендегі оқиға кезінде түсірілген видео пайда болды. Онда қарулы полиция жасағының қарусыз адамдарға қалай оқ атып, ұрып-соғып жатқандығы түсірілген.
XS
SM
MD
LG