Accessibility links

Қоғамдық комиссия Назарбаевқа талаптарын қойды


Тәуелсіз қоғамдық комиссия мүшесі, "Азат" ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Тәуелсіз қоғамдық комиссия мүшесі, "Азат" ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Бүгін Алматыда Жаңаөзен қаласы мен Шетпе кентіндегі оқиғаларды тергеу бойынша құрылған Тәуелсіз қоғамдық комиссия (ТҚК) өкілдері Қазақстан президентіне бірнеше талап қойды.

Алматыда өткен баспасөз жиынында Жаңаөзен оқиғасы кезінде азаматтардың мемлекетке деген сенімі үзілді деп санаған қоғамдық комиссия өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше талап қойды. Олардың арасында президенттің Қазақстан азаматтарына полицияның енді қарусыз адамдарға оқ атпайтынына кепілдік беру, құрамына ТҚК өкілдері кіретін үкіметтік комиссия құру, бейбіт адамдарға қарсы оқ атуға бұйрық берген адамды және оны орындағандарды анықтап, жазалау талаптары бар.

ТҚК өкілдері бұған қоса мұнайшылардың еңбек дауын шешуді, Қазақстанда Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда қаза тапқандарға мемлекеттік деңгейде қаралы күн жариялауды және 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленген парламент сайлауын кейінге қалдыруды талап етіп отыр.

21 желтоқсанда Ақтауда болып қайтқан ТҚК өкілдері "Азат" ЖСДП-дан Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов, тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов, "Gulgan.org" сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, "Руханият" партиясының мүшесі Мұхтар Тайжан өздері куә болған кейбір жайттарды ортаға салды.

Комисия өкілдері кездескен Ақтауда ауруханада жатқан жаралылар "көз алдарында ондаған адамның өліп кеткенін" көргендерін айтқан. Аурухана мен алаңда кездескен адамдар Жаңаөзенде тұрғындарды үйлерінен ұстап, тұтқындап әкетіп, қажетті ақпарат алу үшін азаптап жатқанын жеткізген.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 14 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG