Accessibility links

Қазақ билігі Жаңаөзеннен ақпарат шығармайды


Жаңаөзен көшесіндегі арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзен көшесіндегі арнайы жасақ. 19 желтоқсан 2011 жыл

Халықаралық журналистерді қорғау комитеті мен «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Қазақстан үкіметін Маңғыстаудағы толқу кезінде баспасөз бостандығын шектеді деп айыптайды.


Халықаралық ұйымдар Жаңаөзендегі қақтығыстан соң жергілікті билік барлық байланыс жүйесін үзіп тастаған, қаладағы полицейлер журналистерге қоқан-лоқы көрсетіп, олардың жинаған материалдарын күштеп жойып жіберген деп жазады.

ТАЛАП

Журналистерді қорғау ұйымы (CPJ) желтоқсанның 20-ы күні Нью-Йорк қаласында Маңғыстау облысындағы оқиғаға байланысты журналистер құқығының бұзылып жатқаны туралы ақпарат таратты. Жергілікті билік өкілдері тәуелсіз журналистерді тұтқындап, оқиға орындарына жібермей, олардың ақпарат алуына кедергі жасап жатыр. Ұйым басшылары Қазақстан билігінен журналистердің еркін жұмыс жасауына рұқсат беруін сұрады.

Жергілікті ақпарат көздеріне сүйене отырып, CJP жұма күні басталған қақтығыстан соң-ақ билік өкілдері бірнеше тәуелсіз веб-сайт пен телеарнаны, қала берді байланыстың барлық түрін ажыратып, журналистерді де қамап ұстады деп хабарлады.

Желтоқсанның 18-і күні байланыс жүйесі қосылғанымен «Республика», guljan.org және К+ тәуелсіз ақпарат веб-сайттары ашылмаған күйі қалды. CPJ директорының орынбасары Роберт Махони: «Қазақ билігі бұрыннан бері осылайша ақпарат алуға мүмкіндік бермейді. Бұл жайт тоқтатылуы тиіс. Журналистер бұл маңызды оқиғалар туралы емін-еркін ақпарат алуы керек» деді.

«АЙҒАҚ ҚАЛМАСЫН»

CJP-дің хабарлауынша, желтоқсанның 17-і күні қысқа мерзімге қамалған журналистердің ішінде ресейлік «Лента.ру» тәуелсіз вебсайтының тілшілері Илья Азар, Владимир Соловьев және Василий Шапочниковтар болған. Полиция қыметкерлері оларды президенттің жарлығымен жарияланған төтенше жағдайды бұзды деген айыппен тұтқындап, құрал-жабдықтарын тартып алған. «Тексереміз» деп алған полицейлер камералардағы барлық ақпаратты түгел өшіріп тастаған.

«СЫМ ҮЗІЛІП КЕТІПТІ»

«Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) ұйымы Жаңаөзен оқиғасы кезінде барлық байланыс түрлерін үзіп тастаған билік әрекетін айыптады. «Қазақ билігінің жаңалықтар қызметі мен ақпараттық кеңістікті қатаң бақылауда ұстауға деген ынтасы ерекше. Егер олар өздерін ашық қоғамды елміз дегендерін дәлелдегісі келсе, журналистерге қойылған барлық шектеулерді алып тастасын. Маңғыстау облысындағы байланыс жүйесін дереу қалпына келтіруі тиіс» деп жазды ұйым.

2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен елдің мұндай шектен шыққан әрекеттеріне халықаралық ұйымдар немқұрайды қарамауы керек деп үндеді «Шекарасыз тілшілер». Қақтығыстан соңғы үш күнде ол жердегі оқиғадан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. Билік өкілдері болса байланыстың үзілуін техникалық ақауларға жаба салды.

Кейбір ақпарат көздері ашылғанымен тәуелсіз ақпарат порталдары жабық күйінде қалды дейді ұйым. Президент Назарбаев Жаңаөзен қаласында қаңтардың 5-іне дейін төтенше жағдай жариялаған. Соған байланысты мемлекеттен арнайы рұқсаты жоқ журналистер қалаға кіре алмайды. Қалаға алғаш кірген журналистерді полицияның арнайы жасағы алып жүрген. Тілшілердің хабарлауынша, қала толған әскери адамдар. Мұндай жағдайда үркіп, үндемей қалған жергілікті тұрғындардан ақпарат алу мүмкін емес деп жазады «Шекарасыз тілшілер».

«ЖАНАЗАҒА РҰҚСАТ ЖОҚ»

«Көшеге тек әйел адамдар ғана шығады. Кез-келген ер адамды дереу тұтқындап, тергеуге әкетіп жатыр. Полицейлер бізге ауруханаға барып, мәйіттерді көруге рұқсат бергенімен, оқтан өлген марқұмдардың жерлеу рәсімдеріне қатысуға қатаң тыйым салды» дейді тілшілер. Олардың атыс қаруының орнына не себепті басқадай адам өлтірмейтін қару түрлерін қолданбағаны туралы сұрағына ешкім жауап бермеген.

Билік өкілдері қазір кез-келген журналисті тергеп-тексере береді. Олар ресейлік журналистердің камераларын тартып алып, таспадағы барлық бейне материалдарды түгел жойып жіберген. Арнайы жасақталған бір топ «Стан ТВ», Азаттық радиосы және «әл-Жазира» секілді кейбір арна тілшілерінің ақпарат жинап, дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіріп отыр деп хабарлайды ұйым.

Тілші Мұрат Тұңғышбаевты ұстаған полицейлер оны түсірген бейне материалдарыңды өшіріп таста деп қорқытқан. «Шекарасыз тілшілердің» өкілдеріне ол: «Арнайы жасақтың екі сарбазы маған түсірген видеоны өшір деді. Мен бас тарттым. Олар мені күштеп жерге жықты да, самайыма тапанша тақады. Сосын бүкіл құжатымды тартып алды» деп айтқан.

«ШЕГІ ЖОҚ ШЕКТЕУ»

«Шекарасыз тілшілердің» жазуынша, Қазақстандағы баспасөз бостандығы соңғы жылдары қатты шектеліп отыр. Әсіресе, жарты жылдан бері ереуілдеп жатқан мұнайшылар проблемасына қатысты шектеу ерекше. Жаздан бері құқықтарын талап етіп, ереуілдеп жатқан жұмысшыларды билік органдары барынша ақпараттық жағынан қысымда ұстап отыр дейді олар.

Желтоқсанның 19-ы жергілікті билік Жаңаөзен қаласында байланыстың барлық түрлерінің қайтадан қалпына келгені туралы мәлімдеген. Алайда CPJ-дің ақпарат көздері ресми мәліметті жоққа шығарады. «Республика» басылымының редакторы Анастасия Новикова журналистердің куәгерлермен сөйлесіп, жан-жақты ақпарат жинауына жәрдемдесуі тиіс билік өкілдері мен құқық қорғау органдары оларға, керісінше, кедергі жасап жатыр деген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG