Accessibility links

Тәуелсіз блогшыларды Жаңаөзенге жібермеді


Жаңаөзен қаласының кіреберісіне қойылған нұсқаулық белгі. Маңғыстау, Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласының кіреберісіне қойылған нұсқаулық белгі. Маңғыстау, Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Маңғыстау облысына келген бір топ тәуелсіз блогшыларды Жаңаөзен қаласына кіргізбей қойды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бұл жайында Ақтауда жүрген Азаттық тілшісіне Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген блогшылар хабарлаған.

"Бізге үкімет ұйымдастырған блогшыларға жасалынғандай жағдай жасалып отырған жоқ. Жаңаөзен қаласына баруға әрекет етіп жатырмыз, бірақ бізге ол жаққа баруға рұқсат етпейді. Кеше телефон арқылы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарластық. Бірақ ондағылар біздің ешқандай ресми ақпарат құралдарына жатпайтындығымызды алға тартып, Жаңаөзенге баруға рұқсат етпеді" деген Шымкенттік блогшы Дина Байділдаева Азаттық тілшісіне.

Тәуелсіз блогшылар үкімет ұйымдастырған блогшылардың да ресми ақпарат құралдарына жатпайтындығын, бірақ оларға облыс әкімі де, Жаңаөзен қаласының коменданты да бірдей сұхбат бергенін келтірген. Әкімдіктегілер мұның себебін үкіметтік блогшыларға Астанадан баспасөз туры ұйымдастырылғанымен түсіндірген.

Ал Қарағандыдан келген Андрей Цуканов пен Оралдық Дмитрий Щелоковтың айтуларынша, тәуелсіз блогшылар бүгін таңертең Маңғыстау облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметіне Жаңаөзен қаласына баруға рұқсат өтініш білдірген. Бірақ әлі жауап келмеген.

Ресми органдар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 16 адамның қаза болғанын растады. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған.

Бұдан үш күн бұрын қазақстандық бір топ блогшы премьер-министрдің баспасөз қызметінің шақыруымен Жаңаөзендегі үкіметтік комиссияның жұмысымен танысу үшін Ақтауға келген болатын.
XS
SM
MD
LG