Accessibility links

Жаңаөзенде төтенше жағдай мерзімі ұзаруы мүмкін


"Самұрық-қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы, Жаңаөзен оқиғасы бойынша үкіметтік комиссияның басшысы Өмірзақ Шүкеев.

"Самұрық-қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы, Жаңаөзен оқиғасы бойынша үкіметтік комиссияның басшысы Өмірзақ Шүкеев.

Жаңаөзенде төтенше жағдай тәртібінің мерзімі ұзаруы мүмкін деп хабарлады Жаңаөзен оқиғасы бойынша құрылған үкіметтік комиссияның басшысы, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев.

"Мәслихат депутаттарымен және пәтер иелерінің кооперативтері мен көше комитеттерінің өкілдерімен кездесуде олар қалада төтенше жағдай тәртібінің мерзімін ұзарту жайында пікірлер айтты" деді бүгін үкіметтің селекторлық отырысында сөйлеген Өмірзақ Шүкеев.

Олардың осы жайында жазған хаттарының бәрін президент әкімшілігіне жіберетінін жеткізген Шүкеев төтенше жағдай тәртібінің нақты қай уақытқа дейін ұзаратынын айтпады.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 16 адамның қаза болғанын растады. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған.

Ал желтоқсанның 17-сінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенде 2011 жылғы 17 желтоқсаннан бастап 2012 жылғы қаңтар айының 5-іне дейін кешкі сағат 18.00 бен таңғы сағат 7.00 аралығында төтенше жағдай тәртібін енгізу туралы шешім қабылдады.
XS
SM
MD
LG