Accessibility links

Маңғыстауға мұңаза


Толқу кезінде өртеніп жатқан ғимараттар. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Толқу кезінде өртеніп жатқан ғимараттар. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Тағы да ақкөз адай сорлайды ма? Қапаста қарындасты зорлайды ма? Калашқа жабысқанша тұра келе, Алашқа жылы сөзің болмайды ма?


Ұшады Маңғыстаудан шағалалар
Қаралы сыр айтады саған олар.
Мұңаза зарын сауып мұнаралар
Қаназа сорын төккен бағаналар.


Шағала не тәйірі...
Аққу едім!
Каспийді тербеген ән - гәкку едім.
Су тағы суын мінген боздағыңның
Көтерген қолындағы ақ ту едім.

Ар едім,
Жігер едім,
Намыс едім!
Алаштың ырысы едім, табысы едім.
Кіл жендет қырып салды айдап келіп,
Адайдан кетті білем тағы сенім.

Ту қалды ат үстінен боздақ құлап.
Көз баққылап, араға сөз жаққылап.
Қамшыны хан да салды, қарашы да,
Бәйгіден жаттың аты озбақ бірақ.
Ар едім, жігер едім, намыс едім! Алаштың ырысы едім, табысы едім. Кіл жендет қырып салды айдап келіп, адайдан кетті білем тағы сенім.

Қақсайды қанқасталы жауырымыз.
Қамшыңнан таспа болды сауырымыз.
Заматта айнып шықтың айып тағып,
Ағатай, мен едім ғой бауырыңыз.

Тағы да ақкөз адай сорлайды ма?
Қапаста қарындасты зорлайды ма?
Калашқа жабысқанша тұра келе,
Алашқа жылы сөзің болмайды ма?

Тарихты болдық тағы аз ұққандай.
Хан кінәсіз, халық та жазық қандай?
Тарпаңды қыл арқанмен қанша байла,
Барады байқаймысың қазық қалмай...

Көнбейді ақылды жұрт бәңгі есекке
Маңдайды өзің тоспа НӘН кесекке.
Тақ шайқалса, ағайын Бақ шайқалар
Ермелік енді жұртым қаңғы өсекке.
Әркімге нәті жолдас, Хақ бұрылса
Тұрмайды қанша патша, хан десек те.
Ақ туын Азаттықтың қолдан жықсақ,
Қазақты мәңгі-бақи қан кешет де!

Жазасын Құдай берер, пендесі емес,
Кім жендет?
Мақшар күні таңғы есепте.
Билігім артық айтсам кешіріңіз,
Халқым-ау кем айттың деп сен де сөкпе!

Ұшады Маңғыстаудан...
Ұшпайды енді...
Қарғалар қаройымды қыстайды енді.
«Күйеулер» қызыңды алып, жүзің ғаріп,
Мазақтап басымызға тышпайды енді.

Ақ ҚҰДАЙ, Күрсідесің, Ғаршыдасың!
Алаштың дауға түскен аршы басын!
Адайым, нар едің ғой, сабыр сақта...
Қайғыға көрт шыдамас, нар шыдасын.
Ақ таңы ақиқаттың аз-ақ қалды,
Жазған-ай, сәл шыдашы, сәл шыдашы!

Әнуар Бимағамбет.

Ақтау қаласы
01.01.2012.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG