Accessibility links

Сот "Руханияттың" шағымын қарап жатыр


Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты. 8 желтоқсан 2011 жыл.
Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты. 8 желтоқсан 2011 жыл.
Бүгін Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты "Руханият" партиясының Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) үстінен жазған шағымын қарауды бастады деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Партия өкілдері шағымдарында ОСК-ның партияны қаңтардың 15-інде өтетін парламент сайлауына қатыстрымау туралы шешімін қайта қарауды талап етеді.

Бұған дейін ОСК "Руханияттың" партиялық тізім бойынша парламент сайлауына түсетін үміткерлер тізімін алдымен тіркеп, сосын одан бас тартқан еді. ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мұны бас прокуратураның материалдарына сүйеп, партияның сайлау туралы заңнаманы бұзғандығымен түсіндірген.

Мұның алдында партияның бұрынғы төрағасы Алтыншаш Жағанова "Руханияттың" қазіргі жетекшісі "Серікжан Мәмбеталин партияның парламенттік сайлау алдындағы съезін заңға және партияның жарғысына қайшы түрде өткізді" деп мәлімдеген еді.

Ол партияның мөрі және басқа да құжаттары өзінде екенін айтып, партияның парламент депутаттығына ұсынып, өткізген үміткерлері заңсыз тіркелді деп санайтынын жеткізген. Жағанова осыған орай бас прокуратураға шағымданған. Бұдан соң "Руханият" партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбеталин Алтыншаш Жағанованың партия мүшелігінен шығарылғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG