Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасы интернет аудиторияны қаққа бөлді


Жанболат Мамышев пен Дмитрий Ким ретінде тіркелген қолданушының арасында Mail.ru электронды поштасының "Агент" эппликейшнінде болған чат-әңгіменің скриншоты.
Жанболат Мамышев пен Дмитрий Ким ретінде тіркелген қолданушының арасында Mail.ru электронды поштасының "Агент" эппликейшнінде болған чат-әңгіменің скриншоты.

Мамандар Жаңаөзен оқиғасы мен парламент сайлауына байланысты интернетте «ақпараттық теке-тірестің» күшейіп бара жатқанын айтады. «Жаңаөзен туралы жағымсыз ақпаратты жоққа шығару» жұмысын ұсынған үкіметтік портал өкілінің әрекетін біреулер даттаса, біреулер қалыпты жағдай деп бағалайды.

Өткен аптада астаналық азамат, белсенді интернет-қолданушы Жанболат Мамышевтің Facebook («Фейсбук») әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасы қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды.

«25 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК ЖҰМЫС»

Жанболат Мамышевтің жазуынша, оған үкіметтік bnews.kz порталының бас редакторы Дмитрий Ким mail.ru (мейл.ру) электронды поштасының «Агент» байланыс жүйесі арқылы хабарласып, «Жаңаөзен мен сайлау бойынша әлеуметтік желілерде пайда болып жатқан теріс ақпараттармен күрес» жұмысын ұсынған. Мамышев дәлел ретінде агенттегі екеуара әңгіменің скриншотын (көшірме суретін) көпке көрсеткен.

Скриншотта Дмитрий Ким ретінде тіркелген қолданушының «Бері қара, саған мынадай ұсыныс бар. Бізге әлеуметтік желілерде коммент жазып отыратын бір адам керек, блогер сияқты. Мақсат – Жаңаөзен мен сайлау туралы қазір жазылып жатқан негативті жоққа шығару. Келісім бойынша бір айлық жұмыс. Төлемақысы - 25 мың. Бұған қалай қарайсың?» деген ұсынысы анық көрініп тұр.

Ал Жанболат Мамышев болса, бұл ұсыныстан бас тартқан. Оның бұл жазбасы
...Мақсат – Жаңаөзен мен сайлау туралы қазір жазылып жатқан негативті жоққа шығару. Келісім бойынша бір айлық жұмыс. Төлемақысы 25 мың...

Facebook-та жариялана салысымен қызу талқыланып, бүгінге дейін 160-қа тарта пікір жинады. Қолданушылардың бірі екеуара жеке әңгімені көпке жариялағаны үшін Мамышевті жазғырса, кейбір қолданушылар керісінше, оның әрекетін құптаған.

Ал Мамышевке «жұмыс ұсынған» bnews.kz порталының бас редакторы Дмитрий Кимді Азаттық тілшісі таба алмады. Қаңтардың 5-і күні порталға хабарласқан кезде ақпараттық жобалар департаментің директоры Салтанат Тоқабекова Дмитрий Кимнің демалыста екенін, ол үшін жауап бере алмайтынын айтты. Байланыс телефонын беруден де бас тартты.

- Мен ешқандай да түсініктеме бере алмаймын. Себебі мен Дмитрий Ким емеспін. Мен оның атынан ештеңе жазған жоқпын. Және болып жатқан оқиғалардан да хабарым жоқ. Дмитрий жаңа жылдың алдында демалысқа шығып кеткен болатын, - деді Салтанат Тоқабекова.

«КИМДІ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУҒА БОЛАДЫ»

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы, белсенді интернет-қолданушы Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, Жанболат Мамышев пен Дмитрий Кимнің «арасында болған әңгімені» жеке сипатқа ие, қоғамға қатысы жоқ деп бағалауға болмайды.

Мәселе кәдімгі арандату (провокация), сайлау алдында қоғамдық пікір қалыптастыру үшін блогшыларды жұмысқа тартуда болып отыр. Бұл қылмыс боп есептеледі.
«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожина.
«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожина.
«Сайлау туралы» заңға сәйкес, мұны жазаға тартуға болады, - дейді ол.

Бақытжан Төреғожина Жанболаттың скриншотының негізінде бас прокуратураға заңнамалық тұрғыда баға беру туралы өтініш тастайтынын айтады.

- Бұл біріншіден, «Сайлау туралы» заңмен тыйым салынған қара пиар технологиясы деп аталады. Сайлау кезінде қоғамдық пікірге ықпал ету. Менің ойымша, елде болып жатқан заңсыз әрекеттердің барлығы біздің үнсіз бас шұлғуымыздың «арқасында» болып жатыр. Ал Жанболаттың үнсіз қалмай, бұл турасында бәріне белгілі болуы - бұл қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамның алғашқы белгілері. Егер әрқайсымыз осылайша бассыздыққа төзбесек, заңбұзушылықтарды көрген кезде үнсіз қалмасақ, бүкіл қоғамда да ол бірте-бірте әдетке айналады, - дейді Бақытжан Төреғожина.

«ЖАЛДАНБАЛЫ БЛОГШЫЛАР»

Қазақстан интернет-қауымдастығының вице-президенті Александр Ляховтың пікірінше, нақты жағдайда Дмитрий Кимнің әрекетін «қалыпты практикалық жағдай» деп бағалауға болады. Оның ойынша, көпке мәлім бұл тәсілді билік те, оппозиция да қатар қолданып отыр. «Ал Дмитрий - тек сол ойында ұсталып қалған жан».

- Оппозицияның тапсырмасымен жазатын блогшылар бар. Сол сияқты билік тарапынан жазатын блогшылар да бар. Сонымен бірге өздерінің позициясына
Неге қолдамасқа? Қазір ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Оппозиция тарапынан жазатындардың барлығы да саналы түрде жазып жатқан жоқ қой...

сүйене отырып, саналы түрде жазатын блогшылар да жоқ емес. Бұл - біреулер үшін жұмыс, ал біреулер үшін саналы әрекет. Бұл - қалыпты нәрсе, - дейді Александр Ляхов.

Ол мұндай тәсілдерге ешқандай қарсылығы жоқ екенін айтады.

- Неге қолдамасқа? Қазір ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Оппозиция тарапынан жазатындардың барлығы да саналы түрде жазып жатқан жоқ қой. Ол жақта да ақылы жазбалар. Қаламақылар төленіп жатыр, - дейді Александр Ляхов.

Желтоқсан айының аяғында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың өтінішімен бірнеше блогшы Жаңаөзенде болып қайтқан еді. Мемлекет қаржысымен барған блогшылардың бұл сапарынан кейін әртүрлі блог-платформаларда, басылымдарда олардың жазбалары жарық көрді.

Үкімет тапсырмасымен барған блогшылар төтенше жағдай жарияланған Жаңаөзенге еркін кіріп, бүлінген қала ғимараттарын еркін аралай алған еді. Есесіне Жаңаөзенге өз қаржыларымен барған Шымкент, Қарағандының блогшылары әр қадам сайын тосқауылдарға кезігіп отырған.

Кейбір мамандардың айтуынша, дәстүрлі БАҚ-ты уысында ұстап отырған билікке интернетті «меңгеру» қиынға түсіп тұр. Билік өзіне жағымсыз, «теріс ақпаратпен күресті» енді осылайша блогшы, интернет-мамандардың «көмегімен» жүргізіп жатыр. Олар интернетте жарияланған, Жаңаөзен оқиғасына қатысты билікті кінәлайтын пікірлерге қарсы комменттер жазып, араша түсуге ұмтылады.

«БИЛІКТІҢ АРАШАШЫСЫ»

«Ар.Рух.Хақ» қорының төрайымы Бақытжан Төреғожинаның ойынша, әсіресе, соңғы екі күнде «биліктің интернетке жасаған шабуылы» үдей түскен.

- Онда кәсіпқойлар жалданған. Әуел баста онда жастар отырды. Кейіннен бүкіл
Әдетте, олардың өз пікірлері жоқ. Өздері айтқандай үнемі ресми көзқарасты қайталайтын...

тапсырыстарын мемлекеттен алатын интернет-кеңістігіндегі «сұр кардиналға» айналған Ляхов мырза қосылды. Кеше Ляхов, Горожанкин мырза "Жаңаөзен қауымдастығында" ("Мой мир" желісінде құрылған - Азаттық) пайда болған кезде мен өте қатты таң қалдым. Себебі, әдетте, олардың өз пікірлері жоқ. Өздері айтқандай үнемі ресми көзқарасты қайталайтын. Яғни, бұл адамдарды билік жалдаған сияқты. Олардың кәсіпқойлығына, интернет-кеңістігіндегі беделіне сенген. Бедел дегенде біздегі саяси емес жастардың арасындағы беделін айтып отырмын. Кеше (04.01.2012 - Азаттық) олар көпшілікке өз пікірлерін таңуға тырысты, - дейді Бақытжан Төреғожина.

«МЕМЛЕКЕТТІК АРНАЛАРДЫҢ ИНТЕРНЕТТЕГІ КӨШІРМЕСІ»

Құқыққорғаушының ойын жалғастырған тәуелсіз журналист Қанат Тілеухан билік дәстүрлі БАҚ-қа салған «ауыздығын» енді шексіз интернетке салуға тырысып отыр. Бірақ бұл «суға кеткен тал қармайдының кейпі» дейді ол.

- Қазір Назарбаевтың режимі, билігі дірілдеп, өзінің билігін сақтап қалу үшін осындай әрекеттерге барып жатыр. Осыған дейін билік балама сайттар ашқан. Бірақ ол жердегі ақпараттарды көрермен оқымайды, көрмейді. Өйткені олар «Қазақстан», «Хабар», КТК сияқты телеарналарда беріп жатқан Назарбаев пен және оның айналасы туралы ақпараттың көшірмесі болып отыр. Сондықтан олардың бәрі бәсекеге қабілетсіз, - дейді Қанат Тілеухан.

ЖОҚҚА ШЫҒАРУ

Ал Қазақстанның интернет-қауымдастығының вице-президенті Александр Ляхов өзіне ешкімнен тапсырыс түспегенін, интернетте жариялаған ресми көзқарасқа ұқсас пікірлері өзінің жеке позициясы екенін айтады.

- Соңғы екі күнде маған бәрі жабылып жатыр. Себебі, менің пікірім жалпы пікірлер шоғырынан өзгешелеу болды. Маған шаруадан мүлде алшақ, басқа жаққа «лағып» кетуі ұнамады. Ал ыңғайсыз сауалдарды қойсам, оппоненттерім үнсіз қалады. Шынайы болып жатқан жағдайларды жазсаң, басқа нәрсеге бұрып алғысы келеді. Пікірлермен тоқтатқысы келеді. «Патриот емессің» деп айыптай бастайды. Дәл осылардың арасында да саналы түрде пікір айтатындар бар, ақша жасап жүргендер де бар, - дейді Александр Ляхов.

Үкімет тапсырмасымен Жаңаөзенге барған танымал блогшы Әлішер Елікбаевтың жазбасының астына Александр Ляхов мынадай пікір қалдырыпты:

«Егер формадағы адамға міндетін атқару кезінде шабуыл жасаса, оның қару қолдануына барлық негіз бар. Полицияға мүлдем қарусыз адамдар қарсы шықты деген кейіп жасаудың қажеті жоқ».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG