Accessibility links

Жаңаөзенге барған полицейлер марапатталды


Жаңаөзенде полиция автокөлікті тексеріп жатыр. Жаңаөзен, 12 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенде полиция автокөлікті тексеріп жатыр. Жаңаөзен, 12 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғалардан соң қалада тәртіп орнатуға қатысқан Қарағанды облысынан барған полицейлер марапатталды деп хабарлайды Tengrinews агенттігі.

Марапаттау рәсімінде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Нұрлан Рахымберлин "Қызметте болған қызметкерлер қоғамдық тәртіпті сақтаудағы өз міндеттерін мақтанышпен орындады. Олар сансыз қылмыстар мен заң бұзушылықтарды анықтады. Қызметкерлеріміз орын алған жағдайға сай, талап бойынша жұмыс істеді" деді.

"Полицейлерге қол сағаттар, мақтау қағаздары мен алғыс хаттары беріліп, 460 қызметкерге алғыс жарияланды. Барлық қызметкерлерге ақшалай сыйлықтар берілді" деп хабарлаған ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғадан және оның салдарынан 16 адамның қаза болғанын айтты. Бірақ қала тұрғындары ол дерекке күмән келтіреді.

Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланды. Бас прокуратура "полиция бұзақыларға қарсы алдымен әуеге, сосын аяққа қарата оқ атты" деп мәлімдеген еді.

Бірақ кейін интернетте желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде полицейлердің қарусыз адамдарға жаппай оқ атқандарын түсірген бірнеше видео пайда болды.
XS
SM
MD
LG