Accessibility links

«Супер президенттің» орнын қандай жүйе басады?


Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған жартылай өртенген билборд. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған жартылай өртенген билборд. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл

20 жылға созылған «супер-президенттік билік» берер жемісін беріп болды. Қазақстан экономика мен сыртқы саясатта тәуір жетістіктерге қол жеткізді. Енді сауатты саяси реформалар ғана бұл елді алдағы тоқырау мен экономикалық дағдарыстан алып өте алады деп жазады Moscow Times.


Moscow Times («Москоу Таймз») басылымы қаңтардың 12-сі Қазақстанның 20 жылдық тарихы мен алдағы саяси бағыты туралы сараптама мақала жариялады. Қазақстанның парламент сайлауы алдағы жексенбіде елдің жаңа саяси бағытқа бұруы мүмкін. Бұған дейін бұл елді президент Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз басқарып келген еді деп жазады мақала авторы Питер Фрейзер.

«ҮКІМЕТ ҚҰРҒАН ОППОЗИЦИЯ»

Алдағы парламент сайлауынан кейін кем дегенде бір оппозициялық партия мәжіліске өтуі мүмкін. Бұған дейін Қазақстанның парламентін билеуші «Нұр Отан» партиясының мүшелері билеп келген еді. Солай дей тұрса да, мақала авторы бұл шаралардан батыстық үлгідегі көп партиялы керемет демократиялық өзгерістерді көрмейді. Себебі жаңа парламенттің құрамында да оппозиция өкілдері өте аз болмақ, қала берді «конструктивтік оппозициялық» «Ақ Жол» партиясының өзі үкіметтің қолдауымен құрылғанын атап көрсетеді.
Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі. Алматы, 27 қараша 2011 жыл

Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі. Алматы, 27 қараша 2011 жыл


Сонда да жаңа сайлаудан үміттенетін нәрселер бар дейді Питер Фрейзер. Назарбаев өзі жіті бақылап отырған жаңа саяси процесс, болашақта саяси бәсекелестік туғызатын жаңа моделді дамытуы мүмкін деп болжайды ол. Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша 71 жастан асқан президенттің жуық арада саяси сахнадан кететін ниеті жоқ. Керісінше, ол 2016 жылы өтетін президент сайлауына тағы қатыспақшы.

«СУПЕР ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПАЙДАСЫ»

Автор 20 жыл бойы жалғасып келе жатқан президенттік биліктің артықшылықтарын да келтірген. Әділдігін айту керек мұндай мықты басқарусыз Қазақстан өзінің мемлекеттігін дәл бұлай тез арада қалыптастыра алмаған болар еді деп санайды шетелдік сарапшы. СССР тараған кезде қазақ президенті экономикалық күйреуден қатты қауіптеніп, Одақтан бөлінбеуге барын салған еді дейді.

Тәуелсіздіктен соң Назарбаев жүргізген саясат, өте қауіпті жағдайда тұрған елді тұрақтандыруда кәдімгідей жемісті түрде жүрді. Елдің экономикасы тың арнаға тез түсіп, шапшаң дамыды. Елдің табиғи байлығының арқасында президенттік билігін әбден нығайтқан Назарбаев, Қазақстанда саяси ахуалды асқындырмай, экономиканың тірілуіне дем берді. Шетелдік инвесторлар да сәтімен тартылып, сыртқы саясатты асқан сақтықпен жүргізу арқылы Ресей, Қытай және Батыстың арасында жап-жақсы баланс ұстап тұрды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитінің алдында баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 3 желтоқсан 2010 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитінің алдында баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 3 желтоқсан 2010 жыл


Қазақстанның ең үлкен жетістігінің бірі - әр түрлі дін ұстанып, әр түрлі тілде сөйлейтін, әр түрлі этникалық топты қақтығыстырмай қиын кезеңнен аман-есен алып өтті деп тарата жазады. Басылым бұлардан бөлек, Қазақстандағы ЖІӨ-нің жақсы өсуін, ТМД елдері арасындағы жоғары жалақыны, банк жүйесінің жандануын, жастарды шетелдерге жіберіп, мемлекет есебінен тегін оқытуды да жетістіктер ретінде келтірген.

«ТҮРЛЕНБЕЙТІН ЭКОНОМИКА»

Алайда автор Қазақстанның кемшін тұстары мен ақсап тұрған салаларын да тізіп жазған. Бұл ел мұнайдан түскен ақшамен шылқып байыса да экономикасын түрлендірмей тоқтап тұр. Мемлекетті әбден жайлап алған жемқорлық, жас елдің ары қарай дамуына мүмкіндік берер емес.

Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар ереуілін тоқтату кезінде полицияның атқан оғынан жоқ дегенде 15 адам қаза тапты. Осы оқиға экономикалық өркендеуге қарамастан, Қазақстанның өндіріс саласында өте күрделі проблемалар бар екендігін көрсетіп берді деп есептейді мақала авторы.

Шетелдік сарапшы Жаңаөзен оқиғасына ерекше мән береді. Мұнайшылармен болған қанды қақтығыс үкіметті селк еткізсе, он жылдан бері тыныштыққа үйреніп қалған бейбіт халықтың үрейін ұшырды деп жазады ол. Мақала авторы бұл оқиғаны 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен сылыстырып, сол кездегі тарихи сананы жаңғыртты деп санайды.
Өртеніп кеткен көлік пен әкімдік ғимараты. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл. "Новая газета" тілшісі Елена Костюченко түсірген сурет.

Өртеніп кеткен көлік пен әкімдік ғимараты. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл. "Новая газета" тілшісі Елена Костюченко түсірген сурет.


Президент Назарбаев шикізатқа шамадан тыс тәуелді болған экономиканың қауіпті екенін жақсы біледі. Сондықтан алдағы уақытта экономиканы түрлендіретін жобаларды қолға алуға мәжбүр. Себебі әу баста экономиканы бірінші орынға қойғандықтан, бұл елдің саяси жүйесі ескірген. Оған дәлел 20 жылда бұл мемлекеттің билік жүйесінде, бір де бір тұщымды өзгеріс болмаған. Сонда да Назарбаев саяси тоқыраудан қауіптеніп отыр деп болжайды автор. Себебі былтыр ғана болып өткен «Араб көктемі» мен дәл іргесінде отырған Ресейдегі саяси дағдарыс бұл елге әсер етпей қоймайды деп пайымдайды ол.

«КӨЗІ АШЫҚ, АЗ ХАЛЫҚПЕН АЛҒА!»

Мақала авторы әлемдік деңгейде әр түрлі мәдени, діни, саяси іс-шаралар өткізу арқылы Қазақстанның Батыстың алдында беделді екендігін атап жазады. Сондықтан Батыс елдері де Қазақстанның өркендеуіне дем беруі тиіс деп санайды.

Тарих үшін 20 жыл деген көп уақыт емес. Дегенмен осы аралықта бұл мемлекет әжептеуір бой түзеп алды. Алдағы он жылдықта саны аз, сауатты, көзі ашық халқымен Қазақстанның ары қарай сәтті дамуына мол мүмкіндіктер бар деп болжайды Питер Фрейзер. Ол дамудың басты шарты ретінде тұрақты саяси жүйе қалыптастырып, идеялардың әділ бәсекеге түсуі мен саяси жетекшілердің ашық түрде халық адында есеп беріп отыруын атайды.

(Питер Фрейзер – Лордтар палатасының мүшесі және Британ-Қазақ қоғамының төрағасы).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG